Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құс фабрикалары жұмыртқаны негізсіз қымбаттатқан

Байболат Бектемірұлы, тілші:

– Бір орында тұрмайды, оны бәрі жырлайды. Бұл жұмбақтың жауабы – баға. Қазір дүкен сөрелерінде қымбаттамаған нәрсе қалмады. Қант, ұн, күріш, макарон, сұйық май. Міне, жұмыртқаға да кезек келді. Мұның құны енді тіпті бас шайқатады. 10 данасын алу үшін қалтаңда немесе картаңда кем дегенде 400 теңгенің маңында ақша болу қажет.

Жұмыртқа өте қымбат. Ала алмайсың, көбінің қалтасы көтермейді.

Бұрындары 5 мың теңгеге әжептәуір дүние алуға болатын. Қазір дүкенге кем дегенде 10-15 мыңмен келу қажет. Жұмыртқа жиі қымбаттайды.

Осы жұмыртқаның бағасын кейбір құс фабикалары “әдейі” арттырды дегенге сенесіз бе? Сенбесеңіз, сенуге тура келеді. Ақмола, Павлодар, Қарағанды және біздің өңірдегі өндіріс ошақтары соманы негізсіз жолмен көбейткен. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, аққайыңдар өлкесіндегі 2 кәсіпорын табыстарын ұлғайтқан. Мұны кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы байқап, тексеріс жұмыстарын жүргізу үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне жүгінген. Бүгінде соңғы аталған мемлекеттік орган мәселенің ақ-қарасын анықтап жатыр.

Марлен Хамзин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

Жұмыртқаның құны қыркүйек айында қымбаттаған. Фабрикалардың бірі бағаны 10 пайызға арттырыпты. Мұны екіншісі байқап бекітілген соманы 26 пайызға ұлғайтқан. Қазіргі таңда тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісті шешім кәсіпкерлік кодексі бойынша 3 айдың ішінде шығарылуы қажет. Бірақ, біз бұл істі ертерек аяқтаймыз деп ойлаймын.

Бір қызығы, қазір тексеріліп жатқан құс фабрикалары үстіміздегі жылдың басында да бағаны көтерген. Ол кезде Марлен Хамзин басшылық ететін департамент ескертумен шектелген екен. Енді әкімшілік шара қолданылады. Яғни, құқық бұзушылық толығымен анықталған жағдайда бірқатар көлемдегі ақша ел қазынасына аударылады.

Марлен Хамзин
, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

Бұзушылық анықталса, әр фабриканың жыл басынан бері тапқан табысынан 3 пайыз алынады. Және монополиялық кіріс толық көлемде тәркіленеді. Ал монополиялық кіріс дегеніміз – баға арттырылған мерзім – қыркүйек пен бүгінгі күннің аралығындағы табыс. Осы күні фабрикаларда жұмыртқа құнының төмендеу фактісі тіркелмеді. Яғни, тауар әлі де жоғары бағамен сатылуда.

Бұған дейін сан мәрте айтылғандай, Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында 2 бірдей құс фабрикасы салынады. Осылайша, өңірдегі өндіріс ошақтарының саны жетеуге жетеді. Тиісінше, ішкі нарықты жергілікті тауармен, тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіші артады. Бірақ, оң өзгеріс “күйіп тұрған” бағаның өзгеруіне қалай әсер етерін уақыт көрсетеді.

Байболат Култанов