Қылмыс

Қала тұрғыны алаяқтарға 10 млн теңгеге алданып қалды

43 жастағы ер адам қалай алданып қалғанын білмейді. “Сіздің атыңызға біреулер кредит рәсімдеп жатыр” дегенді естігенде абыржып қалып телефонның ар жағындағының айтқанын бұлжытпай орындаған. Алаяқ өзін банк қызметкері ретінде таныстырыпты.

жапа шегуші:

Телефонды көтергенде ар жағынан дауыстар естілді. Кәдімгідей банк қызметкерлерінің дауыстары. Банкте қызу жұмыс жүріп жатқандай сыңай танытқандарына сеніп қалдым.

Күмәнді істі әшкерелеу үшін несие алу қажет деген. Ақыр соңында петропавлдық бірнеше банктен 10 млн теңге рәсімдеп алған. Бақандай 10 млн теңгені резервті есепшотқа аударысымен ақша ұшты-күйлі жоғалған. Сорақысы сол, азамат осыған дейін алаяқтардың бұл әдісі туралы естіпті. Бірақ, өзінің де бұл жағдайға тап болатынын ойламаған. Дәл осыған ұқсас оқиғаға жақында тағы бір петропавлдық тап болған.

жапа шегуші:

– Маған банктердің біреуінен бір қыз хабарласып 5 қаржы ұйымына менен несие алуға өтінім түскенін айтты. Әрқайсысының көлемі 750 мың теңгеден басталады деді. Мен сізді осындай өтінімдермен жұмыс істейтін басқа бөліммен байланыстырайын деді.

Өзін келесі бөлімнің маманы деп таныстырған әйел картадағы ақшаны жаңа есепшотқа аудару керектігін айтты. 68 жастағы зейнеткер алаяқтың сөзіне сеніп, 900 мың теңгесін белгісіз нөмірге жіберген. Баукеспе қаражатты қалтасына басқан соң, тұрғынды несие рәсімдеуге көндірмек болыпты.

жапа шегуші
:

– Ол маған сізден жергілікті тағы бір банкке 1 млн 200 мыңға өтінім түсті деді. Мен шұғыл сол банкке жүгірдім. Келіп менеджерден сұрадым, ол бұндай өтінімнің жоқ екенін айты. Бірден тәртіп сақшыларына барып арыз жазуға кеңес берді.

Зейнеткер мән-жайды бірден тәртіп сақшылары жеткізген. Полицейлер қазір алаяқты
іздестріп жатыр.

Әділ Сапарбеков, қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Алаяқтың құрбанына айналмас үшін әлеуметтік желілерде күмәнді мәміле жасаудан бас тартыңыз. Тауарды сату немесе сатып алу кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз. Белгісіз адамдарға ақша аударымдарын жасамаңыз. Ұялы телефоныңызға келіп түскен құпия кодтарды ешкімге хабарламаңыз.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға абай болу қажеттігін ескертеді. Банк қызметкері жеке мәліметтерді телефон арқылы сұрамайтындығын тағы бір мәрте қаперге салады.

Маржан Касымбек