Қоғам

Еріктілер жалғызбасты зейнеткерге көмектесті

Өңірге қар молынан түспесе де жұқалап жауған ақ ұлпа жерді жапты. Уақытында тазалап отырмаса кейін жүруге әжептәуір кедергі келтіруі мүмкін. Үйінде жасы бар отбасыға бұл – бірер минуттық шаруа, ал жалғызбасты қарттар үшін қиын іс. Бүгін жалғызбасты зейнеткер Галина Базарованың баспанасына Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенттері келді. Қолдарында күректері бар жастар шаруаға бірден кірісіп кетті.

Галина Базарова, қала тұрғыны:

– Өткен жылы ауламды қар басып қалды. Сол кезде еріктілер келіп, үйдің айналасын тазалап берген болатын. Күзде отын-көмірімді кіргізіп берді. Қарттар күнінде де келіп, құрмет көрсетіп, құттықтады. Ал үй ішін аптасына екі рет әлеуметтік жұмысшы келіп, жинап кетеді.

Зейнеткер тұратын үйдің айналасын жалынды жігіттер ақ ұлпадан аз ғана уақыттың ішінде тазалап тастады. Биылдыққа олар осымен 3-ші үйге келіп қар күреуде. Жақсылық жасауға жаны құмар жастар игі істі тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап жасап жүр екен.

Ақсара Матина, “Искорки” еріктілер тобының жетекшісі:

Қарттардың қуанышын көру – біз үшін үлкен қуаныш. Күз кезінде біз аналар үйіне көмектестік. Жазда “Таза орман” акциясына қатыстық. Қарт кісілердің мекен-жайын бізге жастар ресурстық орталығы ұсынады. Кейіннен біз осылай сол мекен-жай бойынша келіп көмек қолымызды созамыз.

Қазіргі таңда Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің “Искорки” еріктілер тобында 100-ден астам жас бар.

Алдияр Айтпаев