Қоғам

Дін өкілдері жастарға адалдық жайында әңгімеледі

Жастар жағы адалдыққа, ой мен жан тазалығына көп мән беруі керек. Бүгін облыстық кітапханада дін өкілдері жас буынға адами қасиеттер жайлы әңгімеледі. Қалалық «Нұр» мешітінің наиб имамы Қадырбек Шәріповтың сөзінше, кез келген адам арам дүниеден бойын аулақ ұстауға тырысуы керек. Қыз-жігіттердің тәрбиесінде ата-анасының, қарияларымыздың атқарар рөлі зор. Сол себепті, жоғары буын өкілдері жастарға үлгі көрсетіп, тура жолға бағыттауы керек. Ешкімнің ала жібін аттамай, айналасындағыларға қамқорлық танытуды ұмытпаған абзал. Ол үшін ең алдымен әр пенде ниетін түзеуі қажет.

Қадырбек Шәріпов, қалалық «Нұр» мешітінің наиб имамы:

Жемқорлық жүрген жерде заңның өзін өзгертіп, бұрмалануы мүмкін. Алла Тағала осы туралы Қасиетті Құранда: «Пара берген де, алған да, ортасында жүрген делдал да – тозақы, оттық», – дейді. Сондықтан, мұндай әрекеттерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек.

Сәлімхан Сәбитов, «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

Қазіргі таңда жастар заманға сәйкес жылдам дамып келе жатыр. Бұрын бала кезімізде бізге үлкенге-құрмет, кішіге-ізет көрсету туралы көп айтып отыратын. Бүгінде көптеген ақпараттық құралдар арқылы жасалған қылмыстық іс үшін заңға сәйкес қандай жаза қолданылатынын біле алады. Біз өткізіп жатқан шарамызбен дін саласында, қасиетті кітаптарда бұл жайында не жазылғаны туралы сөз қозғайтын боламыз.

Эльмира Садвокасова