Бизнес және экономика

170 теріскейлік «Атамекен Қызылжар» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдікпен несие рәсімдеді

Елді мекен тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жеке ісін ашқысы келген. Николай Макагонов осыдан 2 жыл бұрын Тайынша ауданына қарасты Краснодольск ауылында өз қаражатына дүкен ашыпты. Кәсібі бірден алға басқан. Дегенмен, биыл қаражат жағынан аздап қиналғанын айтады. Мәселесін шешу үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін ақшалай қолдауға арқа сүйеуді жөн санаған.

Николай Макагонов, кәсіпкер, Тайынша ауданы:

– Ағымдағы жылдың сәуір айында «Бастау Бизнестің» оқыту курстарынан өттім. Кейін «Атамекен Қызылжар» ұйымынан 2 жылға 1 млн теңге көлемінде несие рәсімдедім. Ісім қайтадан алға қарай жүре бастады. Айта кетейін, ақша алу үшін алдымен бизнес жоба әзірледім, ол курс ұйымдастырушыларының көңілінен шықты.

Тайыншалық кәсіпкерден бөлек, «Атамекен Қызылжар» микроқаржы ұйымы биыл«Бастау Бизнес» жобасының тағы 5 түлегін қаржыландырған. Николай Макагоновпен қосқанда жалпы 6 жобаға берілген қаражаттың жиынтық көлемі 8 млн теңгені құрайды. Өңірдегі жеке кәсіпкерліктерді қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен 1 млрд теңге бөлініпті.

Тимур Искаков, «Атамекен Қызылжар» микроқаржы ұйымы” ЖШС директорының міндетін атқарушы:

– Бизнес-жоба ұсынып, несие рәсімдеген жандар – елді мекен тұрғындары. Қаражат алғандардың басым бөлігінің жобалары ауыл шаруашылығына қатысты. Қазір кәсіп ашуға ниеттенген қала тұрғындары да өтініштерін білдіріп жатыр, оларды әзірге қарастырудамыз. Жалпы, “Бастау Бизнес” жобасы аясында ауыл тұрғындарына қарастырылған жеңілдетілген қарыз көлемі көп дегенде 7 млн теңгеден асады. Ал қалалықтар 19 млн теңгеге дейін несие рәсімдей алады.

Бүгінде мамандар қаржыландыруға өтінім тастаған 40-тан астам теріскейліктің жобасын қарастырып жатыр. Жалпы, биыл бизнестің қыр-сырын 900-ден астам солтүстікқазақстандық меңгерген. Оның 170-і жеңілдікпен несие рәсімдесе, қалғаны грант ұтып алыпты.

Алтынай Казиканова