Қылмыс

Петропавлда өлген малдың етін сатпақ болған кәсіпкер ұсталды

Мағжан Жұмабаев ауданында 3 бірдей жылқы көлге батып өліпті. Солардың етін иесі петропавлдық кәсіпкерге өткізген екен. Ал қала тұрғыны оны облыс орталығына әкеліп, базарлардың бірінде сатпақшы болған. Арам ойы жүзеге аспады. Оның заңға қайшы әрекеті “Барымташы” жедел-алдын алу іс-шарасы барысында жүргізілген рейд кезінде анықталды.

Жылқы еті толық көлемде тәркіленіп, жоюға жіберіліпті. Ал тиісті ережені елемеген кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы, арнайы іс-шара барысында облысымыздағы 33 сауда нүктесі, мал және ет тасымалданатын 73 көлік, 100-ге тарта шаруашылық пен төрт түлік қамалатын жер тексерілген. Нәтижесінде 13 ветеринариялық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар, бұрындары жасалған 2 мал ұрлығының беті ашылған. Тұяқтыларды еркін жайылымға жіберген 31 адам да жауапқа тартылған.

Құмарбек Жоламан, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

“Барымташы” жедел-алдын алу іс-шарасы қарашаның 15-і мен 24-і аралығында өтеді. Ол мал ұрлығының бетін ашуға бағытталған. Жыл басынан бері өңірде 31 мал ұрлығы тіркелді. Оның 26-сының беті ашылды.

Биыл барымташылар облыс тұрғындарынан 185 бас мал ұрлаған. Оның 175-сі иелеріне қайтарылған екен.

Байболат Култанов