Мәдениет

Петропавлда “Теңге-тиыннан, ынтықмақ ұйымнан” көрмесі өтуде

Теңгенің алғашқы нұсқалары жайлы тереңірек біліп, балалық шағыма саясат жасағандай болдым. Петропавл қаласының тумасы Александр Нурияхметов Ұлттық валюта күніне орай ұйымдастырылған көрмеден ерекше әсер алғанын айтады. Бүгінде тәуелсіздіктің құрдасы Ресейдегі Сочи қаласында тұрады. Кіндік қаны тамған жерге қонаққа келіпті. Музейде өткізіліп жатқан экскурсияға алтын уақытын қиып, арнайы ат басын бұрған екен.

Александр Нурияхметов:

– Теңгеде белгіленген тұлғалардың қазақ халқының тарихында ойып тұрып орын алатыны белгілі. Дарынды азаматтар туған еліміздің дамып, өркендеуіне зор үлес қосты. Алғашқы банкноттарға қарап, тарихи тұлғаларға деген құрметіміз одан әрі арта түседі әрі бойымызды мақтаныш сезімі кернейді. Өзім тарихқа қатты қызығамын. Сондықтан, осындай көрмелерді қалт жібермеуге тырысамын.

Енді тарихқа шолу жасайық. Теңгенің ең алғашқы сериясының дизайны акварель мен қарындаш арқылы дайындалған екен. Кейін тұңғыш банкноттар Ұлыбритания елінде басып шығарылған. 1 аптада 4 ұшақпен Орал қаласына жеткізіліпті. Бастапқыда қағаз ақшаларда ғұлама тұлғалардың суреттері бейнеленді. Одан соң дизайнерлер тарихи мәні бар ескерткіштерді бейнелеуді қолға алды.

Назгүл Бейсембина, “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің экскурсия жүргізушісі:

Ұлттық банктің филиалдары банкноттар мен монета шығарумен айналысады. Қағаз ақша шығаратын филиал «Банкноттық фабрика» деп аталса, ұсақ ақшаны «Теңге сарайы» шығарады. Және 1993 жылдан бастап Ұлттық банк коллекциялық теңгелер шығара бастады.

Біреу білсе, біреу білмес, теңге әлемдегі ең күшті қорғалған және ең әдемі валюталардың бірі болып табылады. Осы критерийлер жөнінен дүниежүзі бойынша 6 марапатқа ие болған. Жалпы, ұлттық ақшамыздың 18 қорғалу сатысы бар, заманауи әрі сенімді 7-еуі қазіргі күнде көптеп қолданылады.

Назгүл Бейсембина, “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің экскурсия жүргізушісі:

– Соның үшеуіне тоқталып өтсем, біріншісі – түсін өзгертетін спаркты бояу. Ол – 5, 10, 20 мыңдықтарда. Екіншісі алтын интаглио деп аталады. Яғни, бояулары өте қалың. Соның арқасында теңгені көшіру мүмкін емес. Ал, үшіншісі қызғылт түсті ерекше талшықтар, яғни ультрафиолетке салғанда түсін өзгертеді.

Бұл ұлттық валютамыздың көшірмесін жасау мүмкін емес дегенді білдіреді. Қоса кетейік, 15-ші қараша – “Теңге күніне” орайластырылған көрмеге коллекциялық монеталар да қойылған. 1 апта ішінде мұнда еңбектеген жастан, еңкейген қарияға дейін келіп, танданыстарын білдіріпті.

Алтынай Казиканова