Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өрт қауіпсіздігі облыстық әкімдік отырысында қаралды

Қауырт кезеңнің келгені кеше ғана, салдары әлден байқалып жатыр. Жыл басынан өңірде 651 өрт оқиғасы болды. Тілсіз жаудың келтірген қаржылай шығыны бақандай 229 млн теңгені құрайды. Төтенше жағдайлардың 73 пайызы жер үй секторында орын алыпты. Оның ішінде 83 факті биылғы жылыту маусымы басталғаннан тіркелді.

Орал Әбдірахманов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өрт оқиғаларына адамдардың отқа және қарапайым қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарауы себеп болып жатады. Яғни, кей тұрғындар темекі немесе сіріңкені сөндірмей, тастай салады. Сондай-ақ, электр сымының қысқа тұйықталуы да оттың бас көтеруіне әкеліп соғуда. Абырой болғанда, пешті қолдану барысында орын алатын төтенше жағдайлар биыл 10 пайызға төмендеді.

Оң динамикаға үнемі жүргізілетін профилактикалық шаралар мен түтін датчигін орнату әсер етті. Арнайы құрылғылар әлеуметтік әлжуаз топ өкілдерінің үйіне қойылуда. Облыс бойынша мұндай санаттағы отбасылардың саны 4 мыңды құрайды. Жүргізілген рейдтердің нәтижесі көрсеткендей, баспаналардағы қауіпсіздік деңгейі өте төмен. 2 мыңға жуық үйде жылыту жүйесі мен электрқұрылғыларды қолдануда олқылықтар бар. Оның басым бөлігі бүгінде біржақты етіліпті.

Орал Әбдірахманов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Бүгінде облыс бойынша 1700-ден аса автономды датчик орнатылған. 6 ауданда, атап айтсақ, Айыртау, Жамбыл, Мамлют, Тимирязев, Уәлиханов пен Тайыншада шаруа толығымен аяқталды. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары үш айда бір рет отбасыларға барып, құрылғының жұмысын тексеріп тұрады.

Түтін датчиктері – өрттің алдын алудың бірден-бір жолы. Айыртау ауданындағы статистика соған дәлел. Өткен жылы құрылғылардың арқасында 12 адам аман қалыпты. Сондықтан, өзгелерге де датчик орнату жұмысына қарқын қосу қажет. Бүгінде көрсеткіш Аққайың, Қызылжар, Ақжар мен Шал ақында көңіл көншітпейді. Петропавл қаласы мен Ғ. Мүсірепов ауданындағы статистика тіптен төмен. Мұнда құрылғылар әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне жататын отбасылардың тек 12 және 11 пайызының үйінде орнатылған.

Серік Мұхамедиев, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі

– Жылыту маусымы басталғалы ауданда 12 өрт оқиғасы тіркелген, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4 фактіге көп. Бүгінде 121 үйге автономды датчик орнаттық. Қалған 351 баспанаға құрылғылар келесі жылы қойылады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Серік Мақсұтұлы, келесі жылы бітіреміз дегеніңіз жарамайды. Жылыту маусымы жүріп жатыр. Мәселені қазір шешу керек. Датчиктерді қыс біткенде орнатпақшысыздар ма?! Бюджетті қайта қарастырып, аталған мақсатқа қаражатты қалай болғанда да табыңыздар. Бұл шаруаны тәмамдамаған барлық аудандарға қатысты.

Шалғай жатқан селолық округтердегі өрт сөндіру бекеттерінің мәселесі де өткір тұр. Мұндай қызмет шеткері ауылдардың барлығында бірдей бар деп айта алмаймыз. Облыс бойынша олардың саны небәрі 40-тан асады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өрт сөндіруші бөлімдердің қауқары барлық аудан аумағын бақылауда ұстауға жетпейді. Төтенше жағдай шалғай жерлерде орын алса, жетіп үлгермейді. Физикалық тұрғыда бұл мүмкін емес. Сондықтан, алыс орналасқан ауылдық округтерде өрт сөндіруші бекеттер құру керек. Іске жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тарту қажет.

Бекеттер жылы болуы тиіс әрі қажетті көлемде жанар-жағармаймен қамтыған жөн деді облыс әкімі. Сондай-ақ, техниканың оңай қатынауы үшін қосынның аумағы мен жолдарды уақытылы қардан тазалап тұру керек. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлер де – өрт сөндірушілердің назарында. Бұл ретте Жас өркен ықшам ауданындағы оң өзгерісті атап өту қажет. Еңкіш тартқан жер үйлердің сүрілуіне байланысты мұндағы өрт фактілері де 2 жарым есеге азайған. Құтқарушыларды алаңдататыны – газ жүйесі тартылмаған көпқабатты 20 тұрғын үй мен жатақхананың жағдайы. Аталған баспаналарда әлі күнге дейін газ баллондарын қолданатын жандар бар. Ал, бұл өте қауіпті.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– 20 үйдің тұрғындарын жинап, жиналыс өткіздік. Оларға газ жүйесін өткізу туралы ұсыныс жасадық. Өкінішке қарай, азаматтар тарапынан қолдау таппадық. Олар электр плиталарын орнатып, соны пайдаланып жатырмыз дейді. Бірақ, іс жүзіне келер болсақ, әлі күнге дейін газ баллондарын қолданатындар кездеседі. Оны ТЖД мамандары және полицейлермен бірге өткізген рейд барысында анықтадық.

Барлық 20 үйді газ жүйесіне қосу үшін бюджеттен 135 млн теңге бөлінбек. Бірақ, көгілдір отынды пәтердің ішіне өткізу шығыны тұрғындардың өзіне артылмақ. Сондықтан, жерлестеріміз ынта танытпай отыр. Бұл ретте қалалық әкімдік түсіндіру жұмыстарын әрмен қарай жалғастыратындарын айтты. Қоғамдық тамақтану орындарындағы бақылау да күшейтілді. Рейд нәтижелері көрсеткендей, шаһарлық кәсіпкерлер асхана, дәмхана мен мейрамханаларында газ баллондарын пайдаланбайды. Десе де, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен мониторинг енді жүйелі түрде жүргізілмек.

Эльмира Садвокасова