Қоғам

Өңірде “e-апостиль” бағдарламасы іске қосылды

Халыққа қызмет көрсету орталығында 800-ге жуық қызмет түрін алуға болады. Оның 85 пайызы е-gov порталында қолжетімді. Дегенмен, кей жағдайда электронды үкімет жүйесі арқылы өтінім жолдағанмен қажет құаттың өзін мекемеге барып алып кету керек. Оның ішінде некеге тұру немесе оны бұзу, туу туралы куәлікті растау, тегін өзгерту қызметтері де бар. Әділет департаментінің мамандары азаматтың жеке басына қатысты деректерді сол жанның қатысуымен ғана қарап, мөр қоятын. Биылдан бастап тәртіп өзгерді.

Эмилия Зуевич, облыстық әділет департаментінің бас маманы:

Бұрын заң бойынша аталған құжаттардың электронды нұсқасымен бөлісуге болмайтын. Биыл e-апостиль бағдарламасы іске қосылып, некеге тұру немесе оны бұзу, туу туралы куәлікті растау, тегін өзгерту қызметтері онлайн форматқа көшірілді. Бұл ретте тұрғындарға бар-жоғы электронды цифрлық қолтаңба ғана қажет.

«Е-апостиль» – Е-gov порталының ішінде орналасқан бағдарлама. Жеке кабинеттегі деректер жіті қорғалады.

Эмилия Зуевич, облыстық әділет департаментінің бас маманы:

Тұрғындар тарапынан келіп түскен өтінімнің жауабын мамандар 1 күннің ішінде береді. Ескере кететін жайт, «е-апостиль» бағдарламасындағы қызметтердің барлығы ақылы түрде көрсетіледі. Бір құжаттың құны 0,5 АЕК көлемінде, яғни 1458 теңге болады.

Е-апостиль бағдарламасы Қазақстанда жылдың басында енгізілді. Ал жергілікті әділет департаменті жаңашылдықты жақында ғана қолдана бастаған. Мамандардың айтуларынша заман игілігінің тиімділігін шетелде жүрген солтүстікқазақстандықтар пайдаланып жүр екен.

Маржан Касымбек