Қылмыс

Биыл өңірде 650-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелген

Қымбат ұялы телефон, компьютер, теледидар. Петропавлдық пысыққай тұрмыстық техника алу үшін біреудің атынан онлайн отырып несие рәсімдеген. Ойлағанын қарапайым жолмен жүзеге асырыпты. Ол бір емес, бірнеше жас қызбен танысып, сеніміне кірген. Осылайша, аңғал арулардың жеке деректеріне қол жеткізіп, ақыры соңында қарызға батырған.

Марат Жұмалиев, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

Жуырда тауарларды онлайн-несие ресімдеу арқылы алған 18 жастағы қала тұрғыны құрықталды. Оның 20 фактіге қатыстылығы анықталып отыр. Жас жігіт тергеу изоляторына қамалды. Бүгінде күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде.

Қолының жымысқысы бар петропавлдық 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Статистикалық деректерге сүйенсек, өңірде соңғы 10 айда 638 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бүгінге дейін оның тек 20 пайызының ғана беті ашылыпты.

Мадияр Харипов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:

Жүргізілген талдау көрсеткендей, мұндай жағдайлардың барлығында қылмыскерлер біздің республикамыздың басқа аймақтарында немесе көрші мемлекеттерде тұрады. Ағымдағы жылы тіркелген фактілердің 186-сы бойынша күдіктілер – ҚР басқа өңірлерінде, ал 177 жағдайда басқа елдерде болды.

Тіркелген заң бұзушылықтардың басым бөлігі әдеттегідей танымал “ОЛХ”, “Колеса” сынды сайттарда орын алған. Электронды сауда жасау кезінде тараптардың бірден кездеспейтіні белгілі. Міне, осыны пысықайлар тиімді пайдаланып жүр. Олар құқық қорғаушылар айтқандай, әлемнің кез келген бұрышында отырып, клиенттерге төмен бағамен тауар ұсынады. Артынша қоңырау шалған адамға “жылы-жылы сөйлеп”, қармағына түсіреді. Мәселен, төлемді банк картасына алдын ала немесе толық көлемде жіберу қажеттігін айтады. Бұған сеніп қалатындар баршылық. Ақшаны қалтаған басқан соң, алаяқ телефон нөмірін өшіреді, ізім-ғайым жоғалады.

Марат Жұмалиев, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

Қазіргі уақытта ең жиі кездесетін алаяқтық фактілерінің тағы бірі – жалған банк қызметкерінің қоңырауы. Яғни, қулығы асып тұрған адам тұрғындардың ұялы телефондарына қоңырау соғып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Клиенттің картасымен күмәнді операциялар жүргізіліп жатқандығын хабарлайды. Күмәнді істі тыю үшін жеке реквизиттерді айтуды сұрайды. Алынған деректердің көмегімен интернет-банкингке қосылып, есепшоттағы ақшаны оп-оңай өзіне аударып алады.

Бүгінде облыс аумағында тағы бір алаяқтық фактісі таралып барады. Әлеуметтік желіде “Қысқа мерзімде қаражатыңды көбейтіп ал” деген хабарландыруды көзіңіз шалған шығар. Мұндай тәсілді пайдаланатын алаяқтар азаматтарға белгілі бір жобаға қаржы салып, оны бірнеше еселеп қайтарып алуға болатындығын айтып сендіреді. Әрине, соңында ақшаны қалтаға басып, байланысты үзеді.

Дана Ешкенова