Аптадағы маңызды жаңалықтар

Нұротандықтар қоғамдық кеңес отырысын өткізді

Бүгінде өңіріміз біраз елдің аймақтарымен сенімді әріптестік орнатқан. Осының арқасында бізге сырттан қыруар қаржы құйылуда. Соңғы 5 жылда тартылған қаражат көлемі 167 млрд теңгеден 286 млрд-қа дейін артқан. Қомақты ақшаны іске жаратудың нәтижесінде облыста бірқатар жоба жүзеге асырылды.

Дархан Әмрин, СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы

– Өңірімізде 2016-дан бастап 2020 жылға дейін шетелдік инвесторлардың қатысуымен 6 ірі инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Олардың барлығы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Жобалар іске асырылысымен 600-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны пайда болды. Бюджетке салық көлемі 1,3 млрд теңгеге көп түсті.

Көрсеткіш алдағы уақытта артпақ. Себебі, ресейлік қалталы азамат облысымызда дәрілік препараттарды өндіру бойынша зауыт салуды жоспарлап отыр екен. Құйылатын қаражат көлемі 15 млрд теңгеге жуықтайды. 200-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс. Жалпы, бүгінде инвестиция тарту бойынша СҚО ел бойынша үздіктердің қатарында тұр. Жиын барысында осы қарқыннан таймау қажеттігі айтылды. Күн тәртібіне шығарылған келесі мәселесі Ғабит Мүсірепов ауданындағы электр энергиясына қатысты. Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша аталған ауданда мыңдаған адам 10 күн бойы жиі жарықсыз отырған.

Серік Мұхамедиев, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

Ғ.Мүсірепов ауданының 8 елді мекенінде электр энергиясына қатысты біршама қиындықтар туындаған болатын. “Көкшетау Энерго” серіктестігінің филиалы қуаттылықты азайтқан. Бүгінде жағдай тұрақталды, жарық штаттық режимде берілуде.

Жиынға онлайн қатысқан облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Ысқақова Ақжар ауданында көмір мәселесі өткір тұрғанын айтты.

Орынбасар Ысқақова, облыстық мәслихат депутаты:

Ақжар ауданында көмір тапшы. Аудандағы жалғыз теміржол тұйығына қара отын мүлдем әкелінбейді. Тұрғындар көмірді көрші тұрған Уәлиханов ауданынан тасып жүр. Ол үшін бір көлікке 18 мың теңге төлейді.Бұл жиналысқа қашықтықтан мәжіліс депутаты қатысып отыр. Сондықтан, мәселені республикалық деңгейде шешу қажет деп ойлаймын.

Павел Шилов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ. Бүгінде теміржол тұйықтарында 5,3 мың тонна көмір бар. Әзірге, бір адамға 5 тонна қара отыннан беріледі. Нарықтағы жағдай алдағы уақытта тұрақталады.

Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері көмір тапшылығына қатысты мәселенің шешілуін бақылауға алатындықтарын айтты.

Дана Ешкенова