МТРА жаңалықтары

Электр энергетикасы саласындағы олқылықтар

Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің жергілікті департаменті тарапынан қозғалған әкімшілік істің біреуі жеке тұлғаға қатысты. Қызылжар ауданына қарасты Белое селосының тұрғыны электр желісінің аумағында гараж бен монша тұрғызыпты. Құрылыс жұмыстары жайында тиісті органга хабар беріп, рұқсатын алмаған. Құқықбұзушылық өткен жылы жоспардан тыс тексеріс барысында анықталды.

Николай Борзилов, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті СҚО бойынша аумақтық департаментінің басшысы:

– Азаматқа өткен жылы олқылықты жою бойынша ұйғарым берілді. Олқылықты ол 2020-ның соңына дейін жоюға міндеттелді. Алайда, талапты уақытылы орындаған жоқ. Сондықтан, 10 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Әкімшілік жазаға тартылғаннан кейін Белое селосының тұрғыны электр желілерін өз қаражаты есебінен гараж бен монша аумағынан шығарды.

Ал, СҚ Электржелістік тарату компаниясы 583 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады. Ағымдағы жылдың 18-ші мамырында М.Жұмабаев ауданына қарасты Возвышенка селосында жарық сөніпті. Мұндай апаттық жағдайды монополистер департаментке бір сағат көлемінде хабарлауы тиіс. Алайда, компания олқылықты тез арада жойып, баспаналарды қуат көзімен қамтымақ болған. Осылайша, проблеманы шешіп, бейінді органға орын алған жайт жайлы тіс жармауды жөн саған көрінеді.

Николай Борзилов, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті СҚО бойынша аумақтық департаментінің басшысы:

– Возвышенка селосының тұрғындары бізге хабарласып, жарық не себепті сөндірілді деп сұрады. Сонда апат жайлы хабардар болдық. Кейін СҚ Электржелістік тарату компаниясынан есеп берулерін сұрадық. Компания ақпаратты бізге 1 сағат 15 минуттың ішінде берді. Яғни, тиісті регламентті ұстанған жоқ.

Сондай-ақ, департамент мамандарымен қаңтар мен қыркүйек аралығында солтүстікқазақстандықтардан келіп түскен 93 өтініш қаралған. Теріскейліктердің басым бөлігі нысанға жарық тартуға рұқсат сұрапты. Қалған арыздар электр жүйесі аймағында құрылыс жұмыстарын жүргізу, ағаш отырғызу-кесу мен жер өңдеуге қатысты. Сауалдардың барлығына жауап берілген.

Эльмира Садвокасова