Білім

Петропавлда Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай поэзиялық кеш өтті

“Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық”, Біртуар тұлға Ыбырай Алтынсаринның бұл өлеңімен Дильназ Ахмедиярова бала кезінен жақсы таныс. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің белсенді студенті шығарманың осы жолдарынан білім алуға деген құштарлығым арта түседі дейді. Бойжеткен бүгінгі шарада Ыбырай Алтынсарин жайлы көп жаңа мағлұмат естіпті.

Дильназ Ахмедиярова, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

– Ыбырай Алтынсаринның 180 жылдығына шақырғанына өте қуаныштымын. Бүгінгі шығармашылық кеште Ы.Алтынсарин туралы көп мәлімет жинадым. Оның өмірбаяны мен шығармаларымен жақынырақ таныстым. Маған өте ұнады.

Қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткері Ыбырай Алтынсаринның білім саласына қосқан үлесін жас ұрпақ ұлықтап, ұмытпау керек. Осы себептен бүгін облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ағартушының 180 жылдық мерейтойына орай әдеби іс-шара ұйымдастырылып отыр.

Аманжол Зағыпар, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:

Ыбырай Алтынсарин алғашқы болып қазақ даласына мектеп ашты. Балаларға сабақ беріп, қазақ хрестоматиясын жазды. Біліммен қараңғыға шырақ жақты. Біздің кітапханамызда «Жас қалам» үйірмесі жұмыс жасайды. Онда жазба, айтыскер ақындар және өлеңді мәнерлеп оқитын жастар бар. Олар бүгінгі шараға қатысты.

Жалпы, рухани кешке жиналған студенттер Ыбырай Алтынсаринның шығармаларынан үзінді оқып, ұстаздардың айтқан деректерін мұқият тыңдады. Сонымен қатар, келушілерге арнап «Ұлы дала жұлдызы» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылып отыр. Сөреге жазушының қаламынан туған құнды дүниелер қойылған.