ТКШ

Өңірдің аудандарында су тарифі өсуі мүмкін

Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, бүгінде облыстағы 400-ден астам ауыл орталықтандырылған сумен қамтылған. Дегенмен, сапалы тіршілік нәрінен таршылық көріп отырған елді мекендер әлі де баршылық. Биыл ауылдық ағайынды ауызсумен қамту жұмыстарына 11,4 млрд теңге бағытталыпты. Межеленген шаруа қазіргі таңда 50-ге жуық елді мекенде жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 3 мыңға жуық баспанаға су жетеді.

Бақыт Ілиясов,СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта құру бойынша 13 жобаны іске асыруға 5,5 млрд теңге бағыттау көзделген. Бұл қаражат тағы 2 жобаны жүзеге асыруға жетуі тиіс. Яғни, 46 шақырымнан астам су таратушы желі мен 4 шақырым су бұру желісін қайта құру жоспарлануда.

Мамандар жыл соңына дейін ауылдағы ағайынның 83,5 пайызын сапалы тіршілік нәрімен қамтуды көздеп отыр. Осы ретте айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде орталықтандырылған су желісіне қосылған ауылдарда су тарифінің өсетіні туралы хабар тарап кетті. Мұны естіп, тұрғындардың біразы жағаларын ұстағаны жасырын емес. Әзірге, судың ақысы өзгерген жоқ, бірақ жоба қарастырылып жатыр. Бағдарламаға сәйкес, келесі жылы солтүстікқазақстандықтар есептеу құралы арқылы 60 теңге төлеуі мүмкін. Құрылғы болмаған жағдайда ақы литріне 80 теңгені құрайды.

Бақыт Ілиясов, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Мұндай өзгеріс тұрғындарды есептеу құралын орнатып, суды үнемдеуге дағдыландырады деп ойлаймыз. Жоба қабылданса, келесі жылдың басынан бастап облыстағы 267 ауылдың халқы тіршілік нәрі үшін қазіргіден 2 есе көп төлейтін болады.

Яғни, қалтадан қосымша ақша шығаруға тура келеді. Бұған кейбір солтүстікқазақстандықтар қазірдің өзінде қарсылықтарын білдіріп жатыр. Айта кетейік, ауыз су төлемін арттыруға бағытталған жоба ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына орналастырылды. Тұрғындар құжатқа қатысты ұсыныс-пікірлерін сол жерде жазып қалдыра алады.

Алтынай Казиканова