Қоғам

Өңірде білікті имамдар жетіспейді

Құран әліппесі, оның дыбысталуы мен жазылуы. Семинардың алғашқы күнінде болашақ имам-молдалар осыны үйренді. Ал бүгін Құран аяттарын жаттап, оның дұрыс оқылуын меңгеріп жатыр.

Қазір Самат Машиков “Фатиха”, “Ықылас” сүрелерін оқуда. Діннен біршама хабары бар жерлесіміз білікті ұстаздардан білім алып, өзі де бар білгенін ортаға салуда.

Самат Машиков, қала тұрғыны:

– Құраннан ілім алып жатырмыз. Әріп жаттап, аят оқуды жақсылап қаридан үйренудеміз. Болашақта жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын Пайғамбарымыздың үмметіне лайықты үммет боламыз деген ниет бар.

Семинарға 20-ға жуық солтүстікқазақстандық қатысуда. Аллаға бір қадам жақындай түсемін деген жандардың дені Пайғамбар жасына жақындаған екен. Осы ретте айта кету қажет, үш күннің ішінде діннің қыр-сырын толық тану мүмкін емес. Сол себепті, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта жиі өткізіліп тұрмақ.

Мухаммадсолих Мирзаев, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы:

Облысымыздың аудандарынан келген молдалар бар, шәкірттер бар. Олардың басты мақсаттары – құранды дұрыс үйрену мен дінді дұрыс түсіну. Қазіргі таңда басқа да ағымдар бар. Сондықтан, осының ақ-қарасын ажырататын білікті имамдар бізге жетіспейді. Сол себепті, осы іс-шара өткізіліп отыр.Мешітіміздің есігі әрдайым ашық. Мешіттің негізгі міндеті тек қана Құран оқып, Құран бағыштау ғана емес. Бұл – жалпы ілім-білім беру орталығы.

Үш күндік семинардан кейін өңірге Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасынан арнайы өкіл келеді екен. Маман болашақ имам-молдаларды арнайы тестілеуден өткізеді. Яғни семинар барысында нені үйренгендерін бағамдайды. Кейін дәріс тыңдаушыларына арнайы курстан өткендігін растайтын сертификат табысталады.

Алдияр Айтпаев