Спорт

«Kuanish» ВК өскемендік “Altay”-ға есе жіберді

Алдияр Айтпаев, тілші:

– Қос ұжым арасындағы ойын санаулы минуттардан соң басталады. Бұл кездесу тартысқа толы болатыны айтпаса да белгілі. Осыдан бірнеше апта бұрын жергілікті бұрымдылар өскемендік құрамаға ел кубогы аясында жартылай финалда жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтқан еді. Петропавлдықтар бүгін есе қайтара ма? Оны алдағы уақытта білеміз.

Әне-міне дегенше қос құрама арасындағы кездесу де басталды. Допты ойынға теріскейлік спортшылар қосты. Бірақ, басымдықты матчтың алғашқы минуттарынан өскемендіктер өз қолдарына алды. Олар шабуылда да, қорғаныста да сауатты өнер көрсетті. Осылайша, 1-ші партияда 15 те 25 есебімен жеңіске жетті.

Елена Самойлова, «Kuanish» ВК ойыншысы:

«Altay» – біз үшін қиын қарсылас. 1-ші партияда допты қабылдау кезінде қателіктер көп болды. Менің ойымша, өскемендіктерді жеңу біздің қолымыздан келеді.

Шамалы үзілістен кейін ойын қайта жалғасты. 1-ші партиядағы сценарий тағы қайталануда. Қонақтардың басымдығы айқын байқалады. Олар ойын барысында түрлі комбинациялар ұйымдастырып, есептерін еселеп жатыр.

«Altay» волейбол клубы 2-ші және 3-ші партияда да жеңіске жетіп, матчты өз пайдаларына шешті. Айта кету қажет, биыл жергілікті құрама 80%-ға жаңартылды. “Тыңнан қосылған ойыншылар бүгінгі ойында өздерін толық көрсете алмады”-, дейді аға жаттықтырушы Азамат Есімов.

Азамат Есімов, «Kuanish» ВК аға жаттықтырушысы:

Жеңіске жетуге тырыстық. Өкінішке қарай, командамызға сенімділік жетіспеді. Алаң иелері ретінде қыздар өздерін тек 3-ші партияда ғана еркін сезіне бастады. Енді келесі турға дейін жақсылап дайындаламыз.

«Kuanish» волейбол клубы 1-ші тур аясында бұған дейін 1 кездесу өткізді. Жерлестеріміз алғашқы ойында «Altay-2» командасын тізе бүктірді. Жалпы, Петропавлда жалауын көтерген додада 9 команда бақ сынап жатыр. Құрамалар қарашаның 19-ына дейін өзара ойнап, үздіктерді анықтайтын болады.

Алдияр Айтпаев