Қоғам

Ұлттық валютаға – 28 жыл

Қарашаның 15-і – Ұлттық валюта күні. Тура 28 жыл бұрын отандық қаржы айналымынан кеңес үкіметінің рубльдері алынды. Оның орнын Тәуелсіз Қазақстанның теңгесі басты. Алғаш шығарылған банкноталарда қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде ойып тұрып орнын алған тұлғалар бейнеленді. Қағаз ақшаларда әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандардың портреттерін кездестіруге болатын. 1994 жылы қолданысқа тиындар енгізілді. Алайда, оның өміршеңдігі ұзаққа созылған жоқ.

Елдегі дағдарыс жағдайы мен инфляцияға байланысты банкнот номиналы өсті. Тиындардың орнын қазіргі монеталар басып, айналымда біртіндеп 200, 500, мың, екі мың мен 5 мың теңгелер пайда болды. Отандық шақалар мен қағаз ақшалар бүгінде Алматы мен Өскемен қалаларында орналасқан фабрика мен Теңге сарайында жасалады. Атап өту қажет, қазақстандық теңгенің сапасы мен стилі бірнеше мәрте жоғары бағаға ие болды. 2011 мен 2013-тің аралығында, яғни үш жыл қатарынан біздік банкноттар әлемдегі үздік банкнот деп танылды. Жалпы, 2000 жылдан бастап, ұлттық валюта түрлі номинациялар бойынша 23 марапатқа ие болған.

Эльмира Садвокасова