Спорт

Теріскейлік спортшы қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогының чемпионы атанды

Қоян-қолтық ұрыс шебері Сауран Арапбай Мәскеуден Петропавлға кеше ғана оралыпты. Бүгін оны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басышысы Сергей Мелехов қабылдап, жеңісімен құттықтауда.

Әлем кубогында Сауран Арапбай 65 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған. Білекті жігіт дүбірлі додада 4 бірдей жекпе-жек өткізіпті. Яғни, Үндістан, Иран, Ресей және Өзбекстан спортшыларымен жұдырықтасқан екен. “Финалдық сын өзгелерден қиынға соқты”,- дейді чемпион.

Сауран Арапбай, қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогінің жеңімпазы:

Бірінші жекпе-жекте Үндістан спортшысын айқын басымдылықпен жеңдім. Екінші ұрыста Иран спортшысын ұпай санымен жеңдім. Кішкене қиындау болды. Үшінші кездесуде ресейлік спортшымен жұдырықтастым. Қарсыласым мықты болды. Бірақ, бапкерімнің кеңестерінің арқасында жеңісті жұлып алдым. Ал финалда өзбекстандық спортшымен кездестік. Кездесу өте тартысты болды. Аз ғана басымдықпен, яғни 15 те 14 есебімен жеңіске жеттім.

Сөйтіп, қарсыластарын қоғадай жапырған Сауран Арапбай әлем кубогінің жеңімпазы атанды. Ұлттық ұлан әскери институты 4-ші курс курсантының бапкері Мирас Брімжановтың сөзінше, бұның барлығы – тыңбай төккен тердің арқасы.

Мирас Брімжанов, қоян-қолтық ұрыстан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

Әлем кубогіның алдында Щучинск қаласында дайындық өтті. Онда Сауран ұлттық құрамамен дайындалды. Әзірлік барысында көп тер төгілді. Соның нәтижесінде Сауран әлем чемпионы атанып отыр.

Биыл қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогі Ресей елінде алғаш рет ұйымдастырылыпты. Дүбірлі дода қарашаның 11-і мен 13-і аралығында өтті. Аталған жарысқа дүниежүзінің 30 елінен 300-ден астам спортшы қатысқан. Жан беріп, жан алысқан сайыста Қазақстан құрамасы үздік үштікті 2 алтын, 3 қола медальмен түйіндеген.

Дана Ешкенова