Ауыл шаруашылығы

Өңірде аралар қыстауға қалдырылды

Өңірде қыстайтын аралардың саны былтырғыға қарағанда 3 есеге көп. Мына 150 жәшіктің әрқайсысында 70 мыңға жуық жәндік бар. Мамандар жанұяларды бір-бірден жертөлеге тасуда. Аралар суыққа тоңып қалыпты. Жәшікті қозғалтқан кезде тырп еткен жоқ, үйлерінде жатыр.

Олег Гаврилов, СҚО ұлттық омарташылар қауымдастығының төрағасы:

– Былтыр араның 50 жанұясын оңтүстікке жібермей, өзімізде алып қалған болатынбыз. Жәндіктерді қыс бойы күтіп баптадық. Нәтижесі біз күткеннен де жақсы болып шыққандықтан, тәжірибені биыл да қайталап көрмекшіміз.

Жертөледегі ауа температурасы +1 градусты құрайды. Омарташылар сынап бағанасын одан жоғарылатпауға тырысады. Әйтпеген жағдайда, жәндіктер мазасызданып кетуі мүмкін.

Дмитрий Степура, СҚ кәсіптік даярлау және сервис колледжінің оқытушысы:

– Жертөледегі температураның -1 градустан төмендеп кетуіне де жол беруге болмайды. Іші суып кетсе, аралар күш жинау үшін балды әдеттегіден екі есе көп жейді. Мұндай жағдайда қысқа сақтап қойған азығымыз жетпей қалуы мүмкін.

Омарташылар жертөледегі температураны бақылап отыру мақсатында желдеткіш орнатқан екен. Бірақ, бұл аралардың қыстан аман-есен шығуы үшін жеткіліксіз. Әр жанұяның қоректенуіне 20 келі таза бал қажет. Мамандар мұның да шешімін тауып қойған.

Дмитрий Степура, СҚ кәсіптік даярлау және сервис колледжінің оқытушысы:

– Қыркүйек пен қазан айларында жиналған балды жұмсамаймыз. Аралардың өздеріне қалдырамыз.

Шаруаны атқаруға көмектесіп жүрген жігіттер – СҚ кәсіптік даярлау және сервис колледжінің студенттері. Иван Зейкан өндірістік тәжірибесін осымен екінші жыл қатарынан “Қызылжар-Пасека” серіктестігінде өтіп жүр.

Иван Зейкан, СҚ кәсіптік даярлау және сервис колледжінің студенті:

– Биыл Қостанай облысына да барып араны күтудің әдіс-тәсілдерін үйрендім. Оқуды бітірген соң өзім де осы шаруашылықты қолға алғым келеді. Аралардың 15 жанұясын сатып алуды көздеп отырмын.

Жәндіктер жертөледе 5 ай бойы сақталады. Далаға келесі жылдың наурыз айында шығарылмақ.

Маржан Касымбек