Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі онлайн қабылдау өткізді

Ақжар ауданына қарасты Ұялы ауылының тұрғыны Зайра Ғазизова облыс әкіміне елді мекендегі күрделі мәселелермен жүгініп отыр. Сөзінше, арнайы мамандар былтыр көшелерге су құбырларын өткізіп, қаз-қатар бағана орнатыпты. Бірақ, тіршілік көзі әлі күнге дейін жіберілмеген екен. «Ауылда су алатын бір-ақ құдық бар. Оның өзі тозып тұр»,- дейді жерлесіміз.

Зайра Ғазизова, Ұялы ауылының тұрғыны, Ақжар ауданы:

Скважинаның ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Краны шіріп жатыр. Глубинный насосын ауыстырды. Ішінде су ағып жатыр. Бұрын қаладан мамандар келіп, оны өздері жөндейтін.

Қанат Қалиев, Ақжар ауданының әкімі:

Бұрынғы фирмалардың орнына қазір басқа мамандар жұмыс істеп жатыр. Жылына жөндеу жұмыстарына 700 мың теңгеден 1,5 млн-ға дейін ақша бөлеміз. Ондағы су тұзды, барлығын тоздырады.

Аталған мәселе бойынша Құмар Іргебайұлы қордан қаражат бөліп, су алатын нысандарға күрделі жөндеу жүргізуді тапсырды.

Зайра Ғазизова, Ұялы ауылының тұрғыны, Ақжар ауданы:

Екінші мәселем – мектеп жайында. Білім ұясы суық. Былтыр жөндеу жұмыстары болып, пластмасс сияқты батарея орнатқан. Пайдасы шамалы. Мектеп суық балалар әлден тоңып жүр. Қыста не болады?

Өткен жылы білім ошағы күрделі жөндеу көрді. Оны елордалық мердігер компания жүргізіпті. Жаңартудан кейін шатырдан су аққан еккен. Яғни, жұмыс дұрыс атқарылмаған. Осы себептен көктемде мектеп әкімшілігі сотқа жүгінген. Енді шешімін күту керек. Өңір жетекшісі Ақжар ауданының әкіміне нысандағы жылу құбырын ауыстыруды тапсырды. Ал, Ерік Тәттібаев Ауған соғысы ардагерлерінің атынан келіп отыр. Ол “Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне” орай төленетін сыйақыны 100 мыңға дейін жеткізуді сұрайды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Сыйақы бойынша алдымен қаржылық жағдайға қарау керек. Барлығы келесі жылғы бюджетті бөлу кезінде белгілі болады. Сондықтан, әзірге ештеңені кесіп айта алмаймыз. Қаржыгерлермен кеңесіп, барлығын санайтын боламыз. Бұл ретте ұсынысыңызды қолдаймын.

Жерлесімізді тағы үй мәселесі алаңдатады. Кезекте тұрған ардагерлердің кейбірі баспана ала алмай, өмірден озып жатыр. Сондықтан, пәтер беруді жетелдетсе, нұр үстіне нұр болар еді дейді.

Ерік Тәттібаев, СҚО Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы:

Биыл арамыздағы 4 ардагер қайтыс болды. Өкінішке қарай, оның біреуі пәтерін ала алмай кетті. Жалпы, бүгінде 70-тен астам Ауған соғысына қатысқан азамат үй кезегінде тұр. Айта кетейін, арнайы санаттағы жандарға қолданысқа берілетін тұрғын үйлерден 1 пәтердің кілті ғана ардагерлерге табысталып отырады. Былай қарасақ, жылына 2 баспанадан беріледі. Кезекте тұрған соңғы ардагер шамамен 100-ге жетсе ғана үй ала алады.

Қоса кетейік, қазір Петропавлда арнайы санаттағы жандар үшін 6 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылдың соңына дейін нысандар қолданысқа беріледі. Аймақ басшысы салынатын баспаналардың қатарын арттыруға көңіл бөлініп, мәселе біржақты етілетінін айтты.
Ал Дамир Мамедов Мағжан Жұмабаев көшесін кеңейту жұмыстары бизнесіме кері әсерін тигізеді деп алаңдаулы. Азаматтың сөзінше, абаттандырудан кейін кәсіпкерлік нысанының аумағындағы көлік тұрағы жойылады екен. «Қоғамдық тамақтану орны мен автомобиль жуатын жерде темір тұлпарды қоятын орын табылмаса, тұрғындарға ыңғайсыз болады»,- дейді.

Дамир Мамедов, қала тұрғыны:

Елдегі пандемияға байланысты жұмысымыз 2 жылға жуық жөнді жүрер емес. Егер көшеде өзгерістер орын алса, мүлдем клиентсіз қаламыз ба деп үрейленіп отырмыз. Осы мәселені біржақты етуді сұраймын.

Кәсіпкердің мәселесін қос тарапқа да тиімді етіп шешу бойынша жергілікті билік өкілдері мынандай ұсыныс тастап отыр.

Асқар Хбибулин, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

Сізге нысанның сол жақ қапталынан, яғни ескі үйлер сүрілген аумақтан 5 метр жерді сатып алуды ұсынамыз. Сол маңда көлік тұрағын жасауға болады. Ал, ғимараттың оң жағында ешқандай мүмкіндік жоқ.

Бұл ұсынысты аймақ басшысы Құмар Ақсақалов құптады. Және жауапты мамандарға төңіректі шолып шығып, мәселені шешуді тапсырды.

Алтынай Казиканова