ТКШ

Абайлаңыз, көктайғақ!

Қараша айы басталысымен-ақ барлық тұрғындарды әбігерге салды. Ауа райы сан құбылды, онымен бірге көшелердегі жағдай да өзгерді. Күннің біресе жылып, біресе суытуынан жолдар көктайғаққа айналды. Жаяу жүргіншілер жолағы мен тротуарларда аяқ басу қауіпті. Тайып түсуің мүмкін. Жолдағы қозғалыс та мәз емес. Көше мұз айдынындай. Жағдаймен темір тұлпар тізгіндегендер өздері күресуге кірісіпті.

Жергілікті атқарушы билік қарап жатқан жоқ. Қардың уақытылы тазалануы мен мұз айдынына айналған көшелер мен тротуарлардың жағдайына қалалық әкімдік жауапты. Мамандар жолды ақ ұлпадан тазалауға өткен аптадан бастап кіріскен. Сондай-ақ, құм мен тұз қоспасын себу жұмыстарын жүргізуде.

Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Күнделікті кешкі 10-нан таңғы 5-ке дейін қала көшелерін механикалық тазалау жүргізіледі. Одан бөлек, қазір таңғы 5-тен 7-ге дейін құм-тұз қоспасы себіледі. Биылға қысқа 2,5 мың текше метр құм-тұз қоспасы дайындалды.

Шаруаға 4 кәсіпорын жұмылдырылған. Күнделікті қала көшелеріне 20 бірлік техника шығады екен. Қауырт маусым қаһары күшейіп, түскен қардың көлемі көбейген сайын мекемелер саны да артады. Жалпы, биыл көшелерді ақ ұлпадан тазартып, инертті материал төсеуге 12 кәсіпорынның 130-ға жуық техникасы әзірленген.

Эльмира Садвокасова