Қоғам

Жастарға жемқорлықтың қатері жайлы айтылды

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада сыбайлас жемқорлық және оның қоғамға тигізер зияны жайлы жиын өтті.TEDx форматында ұйымдастырылған іс-шараны “Антикор” орталығына қарасты ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшесі Бақытжан Тұрсынов жүргізді. Ол Қозыбаев университетінің бірінші курс студенттеріне бармақ басты, көз қыстылықтың қатері туралы жіті баяндады және жастарды үнемі адал еңбек етіп, жең ұшынан жалғасатын індетпен бірге күресуге шақырды. Кездесу соңында спикер қыз-жігіттерге сұрақ қойып, жемқорлық жайлы ойларын білді.

Бақытжан Тұрсынов, СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ақпараттық штабының мүшесі:

– “Qyzyljar – Adaldyq alańy” осы уақытқа дейін де жемқорлықтың алдын алуға, оны болдырмауға бағытталған іс-шараларды белсенді жүргізіп келеді. Егер бәріміз жұмыла жұмыс істейтін болсақ, жемқорлықсыз әлем орындалатын межеге айналмақ.