Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сенаторлар қаладағы құрылыс алаңдарымен танысты

Бұл – «Солнечный-2 кенті» жобасының 2-ші кезегі. Бұрын құр жазық дала болған мекен қазір адами қалыпқа келуде. Мұндағы шаруа 2020 жылдың ортасында бастау алыпты. Қазір шағын ауданға «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Нақтылап айтсақ, жолдарға асфальт төселіп, су құбырлары орнатылып, көшелер жарықтандырылады. Ауқымды іс жалпы аумағы 500 гектарды қамтымақ.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Оның ішінде 220 гектардай аумақ жер үйлерге арналған. 2094 учаскені тұрғындарға үлестіретін боламыз. Бүгінгі таңда қала бойынша баспана кезегінде 11700 адам тұр. Солардың 2100-ге жуығы осы жерден алады.

Дәл осындай шаруа жаңадан бой көтеріп жатқан «Оңтүстік» ықшам ауданында да жүргізілуде. Қазір электр жүйесін тарту бойынша жоба дайындалуда. Ал, жол мен суға қатысты іс ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталмақ.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Инфрақұрылымын қабылдағасын, учаскелерді тарата бастаймыз. Әзірге, бәрі бос. Оларды да кезекте тұрған 11700 адамға береміз.

Қалада атқарылып жатқан шаруаға сенаторлар оң бағасын берді. Әсіресе, тұрғындарды баспанамен қамту бойынша қолға алынған шаралар көңіл қуантады дейді депутаттар.

Әлімжан Құртаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірнеше бағдарламасы бар. Олардың барлығы дерлік қала тұрғындарына арналған. Сондықтан, ауылдағы ағайын үй саламын десе, 50 процентін субсидиялау бойынша өзгеріс енгізгіміз келеді. Бұл әлі депутаттық жұмыс топтарында талқыланатын болады.

Құрылыс қаланың шеткері аумақтарында ғана емес, дәл орталығында да қызған. Жұмабаев пен Уәлиханов көшелерінің алдағы уақытта көркі кірмек. 3 мың орынға арналған Спорт сарайы тұрғызылып, университеттің қос бірдей жатақханасы қолданысқа тапсырылмақ. Еңкіш тартқан жер үйлер сүріліп, көпқабатты баспаналар да бой көтереді. Жоспар бойынша қаланың 2 мыңға жуық тұрғыны су жаңа нысандардан пәтерлі болмақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мына алты үйді түрік компаниялары салады. 1-ші қабатында автотұрақ болады. Осы қыста жұмысты бастайды.

Құрылыс алаңдарынан кейін делегация өңірдің іргелі кәсіпорындарына ат басын бұрды. Солтүстік фанер комбинатының жылдық қуаттылығы 18 мың текше метр дайын өнімді құрайды. Тауардың тең жартысы қазақстандық нарық сұранысын қамтуға бағытталған. Қалғаны экспортқа шығарылады екен. Алдағы уақытта түрік инвесторлары тағы бір өндіріс түрін қолға алмақ. Фанера жасау барысында қалатын қалдықтан іскер жандар ламинатталған дсп, яғни ағаш-жоңқалы тақта әзірлемекші.

“Радуга” серіктестігі – бүгінде импортты алмастыру бойынша нәтижелі жұмыс істеп жатқан алдыңғы қатарлы өндіріс ошағы. Мұнда азық-түліктен бастап тұрмыстық заттарға дейін шығарылуда. Қазір компания тағы әлеуеті зор 2 жобаны қолға алды. Соның бірі – Қағаз өнімдерінің фабрикасы.

Андрей Титов, “Қағаз өнімдері” фабрикасының директоры:

– Бүгінде фабриканың құрылысы басталды. Келесі жылдың екінші тоқсанында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жобаға 1 млрд 700 млн теңге бағытталды. Мұнда жылына 5400 тонна санитарлық-гигиеналық қағаз шығарылады.

Дайын өнімнің 70 пайызы отандық нарыққа бағытталады. Қалғаны ресейлік экспортқа шығарылмақ. Екінші жоба – жылыжай кешені. 12 айдың ішінде 3 мың тонна қияр, қызанақ пен салат жапырағын өсіру көзделген. Бірақ, мәселе – оны сақтауда.

Денсаулық сақтау саласындағы жоба да делегаттардың жоғары бағасына ие болды. 2022 жылдың соңында халықаралық стандартқа сай заманауи көпбейінді аурухана халық игілігіне тапсырылады. Мұнда дәрігерлер мен науқастарға барлық жағдай жасалмақ. Оның ішінде болашақ бөлмелердің ыңғайлылығын да атап өткен жөн.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Тек екі адам жатады. Әрбіреуінің теледидары мен тоңазытқышы болады. Бұл – еуропалық стандартқа сәйкес салынып жатқан бөлме.

Кейін делегация жергілікті жоғарғы оқу орнының жаңа корпусының құрылысымен танысты. Мұнда студенттердің ғылыми жұмыс жасап, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға арналған 73 заманауи зертхана орналаспақ.

Эльмира Садвокасова