Денсаулық сақтау

Өткен тәулікте 161 солтүстікқазақстандық вирус жұқтырған

Облысымызда эпидемиологиялық жағдай күннен-күнге ушығып барады. Соңғы тәулікте 161 жерлесіміз коронавирус індетіне шалдыққан. Оның 154-інде аурудың анық белгілері байқалады. Басым бөлігі – әдеттегідей петропавлдықтар. Облыс орталығында 76 жағдай тіркеліп отыр.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Соңғы 2 аптада облыста 2143 жағдай тіркелді. Өткен қос аптамен салыстырғанда аурушаңдық 1 есеге артқан. Соңғы 2 аптамен салыстырғанда облыстың келесі аудандарында аурушаңдықтың өсуі байқалады: Айыртауда – 15 жағдайға, ал Тайыншада 35 жағдайға артқан.

Енді облыс стационарларындағы жағдайға келсек. Коронавирусты жұқтырған науқастарға арналып 1800-ге жуық төсек-орын әзірленген болатын. Бүгінде оның 700-ге жуығы толық. 51 науқас жансақтау бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. 17 адамның жағдайы аса ауыр деп бағалануда.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Коронавирусқа қарсы ем қабылдап жатқандардың арасында 12 жүкті әйел бар. Ал облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 14 бала жатыр. Олардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Тағы, 160-қа жуық бала амбулаториялық жағдайда емделуде.

“Стационарларда жатқандардың басым бөлігі – егде жастағы жандар”,- дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов. Көпшілігі оттегі концентратына қосылған екен. Өкінішке қарай, індетке шалдығып, ауруханаға түскен жандардың саны күннен-күнге көбеймесе, азаяр емес. Мәселен, бүгінде емдеу орындарына жатқызылатын адамдардың тәуліктік саны 90-ға жуықтайды екен.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Статистика көрсетіп отырғандай, стационарларда ем қабылдап жатқандардың 98 пайызы вакциналанбаған. Пандемия басталғалы өңірде тәж вирусынан 325 адам көз жұмды.

Марқұм болғандардың басым бөлігі – 60 жастан асқан жандар. Олардың 78 пайызы вакциналанбаған екен. Сондықтан, мамандар тұрғындарды тағы бір мәрте белсенді түрде екпе алуға шақырды. Бүгінге дейін иммундау шарасының толық курсынан 238 мың теріскейлік өткен. Бұл екпе алуға жататын теріскейліктердің 64,2 пайызын құрайды. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін әлі 115 мың солтүстікқазақстандық вакцина алуы тиіс.

Дана Ешкенова