Қоғам

Өңірге жұмыс сапарымен Сенат депутаттары келді

«Еңбек» бағдарламасына 4 өңір қатысады. Жұмыс күші басым аймақтардан тұрғындар Солтүстік Қазақстан облысына көп келеді екен. Өңірге соңғы 5 жылда оңтүстіктен 9 мыңнан астам адам, яғни 2600 отбасы көшіп келген. Оның 600-і биыл қоныс аударған. Келген ағайынның басым бөлігі ауылдық жерлерге орналастырылыпты. Отбасылардың дені – көпбалалылар.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 5 жыл ішінде келген отбасыларға 1 млрд 200 млн теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Еңбекке жарамды азаматтардың 90 пайызы жұмыспен қамтылды. 528 адам кәсіпкерлікпен айналысуда. Ауылдық жерлерде 1 мыңнан аса үй салынды. Атап өту керек, көшіп келгендердің 88 процентінде бұрын баспана болмаған.

Өңір жетекшісі өз сөзінде аталған бағдарламаның арқасында облыста кадр тапшылығы мәселесі шешіліп келе жатқандығын тілге тиек етті. Жұмыс күші мол аймақтардан келгендердің 360-қа жуығы – мұғалім, 150-ден астамы дәрігер екен. Сонымен қатар, «Серпін» бағдарламасы аясында 7 жыл ішінде сонау жақтан 2 мыңнан астам жас білім қуып келген. Оның 1700-ге жуығы жергілікті университетке оқуға түсіпті.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– 585 адам колледждерге оқуға қабылданды. Осы ретте айта кетейін, үстіміздегі жылдан бастап арнаулы орта оқу орындарына оңтүстіктен студенттер қабылдауды тоқтаттық. Өйткені, колледждерге түсетін балалар тым жас. Солтүстіктің климатына үйрене алмайды әрі ата-аналарын сағынады деуге болады. Сол себепті, жастарды бакалавр дәрежесі бойынша білім алуға шақырамыз.

Дегенмен, оңтүстік жастары тегін білім алу үшін енді біраз тер төгулері қажет, талаптар өзгеріп жатыр. Яғни, соңғы 2 жылда грантқа түсуге мүмкіндік беретін шекті балл біртіндеп көтерілуде. Тағы жиында қандастар туралы да сөз қозғалды. 2016 жылдан бері теріскейге 227 отбасы қоныс аударған. Биыл қыркүйек айында тағы 50 адам Иран елінен көшіп келіпті. Жанұялардың барлығына жаңа баспана беріліп, тиісті жағдай жасалды. Жалпы, өңірге жұмыс сапарымен келген Сенат депутаттары қоныс аударушыларға көрсетіліп жатқан қолдаумен танысты.

Әлімжан Құртаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жалпы, бағдарлама қабылданғалы 27 мыңнан астам адам жұмыс тапшылығы бар өңірлерге қоныс аударды. Бағдарлама өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмысты саралай келе квота санын 5-6 есеге арттыру қажеттілігі көрінді.

Сонымен қатар, жиында Сенат депутаты Әлімжан Құртаев жалпы ел бойынша мектеп құрылысына аса мән беру қажеттігін атап өтті.

Әлімжан Құртаев,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Биылғы жылы Қазақстанда 420 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Оның 75 мыңға жуығы – Түркістан облысында. Жыл сайын балаларды мектеппен қамту үшін 40 мектеп салынуы керек. Керісінше, биылғы жылдың өзінде солтүстік өңірлерде 40 мектеп бала саны жетіспегеннен жабылып отыр.

Өңірге жұмыс сапарымен келген депутаттар өлкедегі оң өзгерістердің куәсі болды. Салынып жатқан нысандардың бірқатарының құрылысымен қашықтықтан танысып, өзінің оң бағаларын берді.

Алтынай Казиканова