Денсаулық сақтау

Өңірге “Pfizer” вакцинасының 33 мың дозасы жеткізілді

Өткен 10 айдың ішінде 450-ден астам солтүстікқазақстандық бала коронавирус жұқтырған. Кәмелет жасына толмағандардың 20-ға жуығы қазір стационарлық ауруханаларда ем алып жатыр екен. Аты жаман індетке 650 жүкті әйел де шалдығыпты. 200 нәзікжанды дертті ауыр формада өткерген. Дәрігерлерге 38 келіншекті кесір тілігін жасау арқылы босандыруға тура келген. Өкінішке қарай, Петропавлда жақында сәбиін дүниеге әкелген 32 жастағы ана көз жұмды. Мамандардың сөзінше, коронавирус инфекциясы марқұмның өкпесінің басым бөлігін қабындырған.
Эпидахуал өңірде ғана емес, ел бойынша да құбылып тұр. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрі мынадай шешім қабылдады.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

12 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, жүктіліктің 16-37 аптасындағы әйелдер және босанғаннан кейін емізіп жүрген әйелдер 42 күннен кейін КВИ-ға қарсы вакциналауға жатады.

Балалар мен жүкті әйелдерге германиялық және америкалық ғалымдар әзірлеген “Pfizer” вакцинасы қарастырылған. “Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынып отырған екпенің қаупі жоқ”,- дейді дәрігерлер.

Анар Сарбасова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас педиатры

Әлемнің 20 елінде 12 жастан асқан балаларға вакцинаның дәл осы түрі салынып жатыр. Ал Қытай мен Америкада “Pfizer”-ді тіпті, 3 пен 5 жастағы балаларға да егуде.

Өңірде 12 мен 18 жас аралығындағы 41 мыңнан астам бала бар. Оның 75 пайызына, әрине, ата-аналарының келісімімен екпе егу жоспарланып отыр. Осы мақсатта жуырда облсқа “Pfizer” вакцинасының 33 мың дозасы жеткізілген.

Анар Сарбасова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас педиатры:

Вакцинация медициналық мекемелер мен мектептердегі арнайы пунктерде жүргізілетін болады. Бала алғашқы компонентін алған соң 21-28 күн аралығында екіншісі егіледі. “Pfizer” вакцинасының бір ампуласы алты адамға арналған.

Балаларға коронавирусқа қарсы екпе егу турасында солтүстікқазақстандықтардың пікірін сұрастырдық.

 Вакцинаны салдырған дұрыс деп ойлаймын. Балаларымның барлығы иммундау шарасынан өтті. Енді немерелеріме екпе салдырмақшымын.

Босанған соң вакцина алдым. Екпеден кейін ауырмайтын болдым. Балаларыма да салдыруды жоспарлап жүрмін.

Білмеймін. Қалай болатынын көрейік. Ойланып көру керек.

Кәмелет жасына толмаған балалар, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакциналау науқаны қараша айының соңында басталады деп жоспарланып отыр.

Маржан Касымбек