Денсаулық сақтау

№3 қалалық емхана базасында 23 мыңнан астам адам екпе алған

Бүгінге дейін №3 қалалық емхананың мамандары 23 мыңнан астам солтүстікқазақстандықты иммундау шарасынан өткізген. Медицина қызметкерлерінің бір бөлігі ағымдағы жылдың 1-ші қыркүйегінен жергілікті университет қабырғасында еңбек етуде. Мұнда жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері және қала тұрғындары тәж вирусына қарсы вакцина қойдыра алады. Ақ халаттылар орта есеппен күніне 10-15 адам қабылдайды екен. Айта кетейік, білім ордасында жұмыс істейтін жандардың басым бөлігі белсенділік танытып, науқанға бір кісідей қатысқан. Бүгінде дәрігерлік пункте ресейлік «Спутник V» мен қытайлық Vero Cell препараттары бар. Екпе алам деушілерге түскі 1 мен 4-тің аралығында есік ашық.

Жұлдыз Ибраева, №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибедегі дәрігері:

– Вакцина қойдыруға жастармен қатар егде жастағы жандар да келеді. Әдеттегідей, екпе екпес бұрын тұрғындарды міндетті түрде тексеріп шығамыз. Яғни, дене температурасын, қан қысымын қараймыз. Егер вакцинаға қарсы әсерлер байқасақ, бірден дәрігерге жібереміз. Ал ешқандай олқылық болмаса, онда препарат салынады. Жалпы, жерлестеріміз екпеден кейін өздерін қалыпты сезінеді.

Алтынай Казиканова