Көлік және жолдар

Жыл басынан бері өңірде 795 шақырым жол жөнделген

Өңірімізде автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 9 мың шақырымға жуықтайды. Оның 1970 километрі республикалық маңызға ие. Биыл осынша қашықтыққа тиісті жағдай жасау үшін республикалық бюджеттен 7,8 млрд теңге бөлініпті.

– қайта құруға – 2,6 млрд теңге;
– күрделі жөндеуге – 0,9 млрд теңге;
– орташа жөндеуге – 2 млрд теңге;
– жолды күтіп ұстауға – 2,3 млрд теңге.

Бүгінге дейін қомақты қаражаттың 4,6 млрд теңгесі немесе 59 пайызы игерілген. Енді әр шаруға жіті тоқталсақ. “Челябі-Новосібір” автожолының Мамлют ауданындағы 31 шақырымдық бөлігін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтатын болсақ, бүгінге дейін 14 километрге асфальт-бетонды жабынды төселген. Қалғанындағы шаруа келесі жылы тындырылмақ.

Қуаныш Ескендіров, “Қазавтожол” ҰК” АҚ СҚОФ директоры:

– Күрделі жөндеу аясында жалпы сомасы 898 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл ақшаға Р-58 “Булаево-Рощинское” автожолының Возвышенка ауылын айналып өтетін тұсына, яғни 3 шақырым жол күрделі жөндеу жасалды. Мердігерлік ұйым – “Көкшетауавтодор” серіктестігі. Бүгінгі күні жұмыстар аяқталды, нысан пайдалануға беруге дайындалуда.

Бірқатар жоспар да айқын. Қазіргі таңда Ақжар ауданының Дәуіт ауылынан Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлге дейінгі 57 шақырымдық тас жолды күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жолдарды орташа жөндеу бағытында да бірқатар шаруа атқарылған.

Қуаныш Ескендіров, “Қазавтожол” ҰК” АҚ СҚОФ директоры:

– Орташа жөндеу шеңберінде ағымдағы жылы ұзындығы 7 км және 15 км “Волошинка-Сергеевка-Тимирязево” Р-60 автожолының 2 учаскесі пайдалануға берілді.

Ал аталған трассаның Шал ақын ауданындағы бөлігін орташа жөндеу жұмыстары әлі жалғасуда. Нақтырақ айтар болсақ, Кривощеково ауылынан Тимирязев ауданының шекарасына дейінгі 35 шақырым қайта қалыпқа келтірілуде. Жолдарды күтіп ұстау бойынша 2,1 млрд теңгенің ісі тындырылыпты. Яғни, трассалардағы шұңқырлар жамалып, шамамен 1400 километрге арнайы жолақтар салынған, жарықдиодты белгілер орнатылған. Өңірде облыстық маңыздағы 800 шақырым жол жөнделуі қажет болатын. Бірқатар нысанда шаруа әлі аяқталмаған. Тиісті жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызға ие жолдардың үлесі 74% құрамақ.

Дана Ешкенова