Мәдениет

“Сылаң қыз” қойылымы сахналанды

«Сылаң қыз» комедиясы оқу оқымаған Бәтима туралы. Оның әкесі сауда-саттықпен айналысады. Іске берілгені соншалық, тіпті, әйелі мен қызына көңіл бөлуді қойған. Ол ерке қызына бәтеңке алып берудің орнына оның өзі сияқты қу, сараң, үнемі екі жеп, биге шығуды көздейтін жігітке күйеуге беруді көздейді.

Бәтимаға 3 жігіттің көзі түседі. Олар кезектесіп сұлудың үйне барады. Бірі қыздың әкесінің байлығына қызығып сөз салуға әрекет жасайды. Енді бірі өзінің қамы үшін арам пиғылмен бұрымдыны жар еткісі келеді. Ал үшіншісі шын сүйіп қалады. Ол арманындағы аруға өлең шығарып, махаббатын жеткізгісі келеді. Алайда, туындысын оқи алмайды. Спектакль соңында Бәтима қалаға оқуға кеткен махаббатын жолықтырып, сонымен отау құрады. Бұл қойылымда сараң әкенің рөлін Дулат Тәшкен сомдайды. Актерге образды ашу қиынға соғыпты. Драма, трагедияға жаны жақын өнер иесіне комедияға бейімделу қиындық тудырған екен.

Дулат Тәшкен, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

Егер спектакльді көрсеңіздер, бұл – өте сараң кісі. Барлық семьясын ұмытып, ақшаның артынан кеткен адам. Қазіргі заманда да бала-шағасына көңіл бөлмей жүрген адамдар бар ғой. Сондай қылып алуға тырыстық.

Комедия болғанымен адамға ой саларлық қойылымды С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссері Дәурен Тойбазаров қойып отыр. Бұл оның режиссер ретінде алғашқы сахналық үлкен туындысы екен.

Дәурен Тойбазаров, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссері:

Карантинге дейін балаларға ертегілер қойып жүрдім. Бұл – менің алғашқы үлкен қойылымым. Осы спектакль көрермендерге монолог арқылы, арам-пиғылды іс-әрекет арқылы бір ой салып кететін болса, ол бір жетістік деп ойлаймын.

1 жарым сағатқа созылған қойылым өнерсүйер қауымның көңілінен шықты.

Өте көңілді болды. Көңілімізді көтеріп шығып жатырмыз. Актерлердің ойыны керемет болды.
Ұнады, ұнады өте жақсы. Осылай біздің жастарға тек жақсылық әкелсін.

Самал Жүнісова