Қоғам

СҚО-да әр 4-ші отбасы ажырасуға шешім қабылдайды

Бақыттың кілті – сыйластықта. Сыйластық жоқ жерде отбасы ұзақ сақталмайды. Ұлы сөздің ұғымын Мусиндер отбасы жақсы түсінеді. Отағасы Қаратай Тайшабайұлы мен Боташ Есқожақызының отау құрғандарына 43 жыл болыпты. Берекелі шаңырақ астында 3 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерін тәрбиелеп отыр.

Қаратай Мусин, қала тұрғыны:

Қазақ тілінде «қанағат», «тәубешілік» деген сөздер бар. Осыған берік болу керек. Адамды адам қоспайды. Құдай қосады. Бір-бірін тапқасын сыйластық болу керек. Арманға жетуді үйрену қажет.

Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны да рас. “Бақытқа жетемін” деген жұп өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көруі керек дейді зейнеткерлер.

Боташ Мусина, қала тұрғыны:

Өзіміз ауылда өстік. “Ауыл іші алтын бесік” демекші, онда бәрі тәрбиесін береді. Көрші, ағайлар, апайлар, жеңгелер үлкен мен кішіні сыйлауды үйретеді. Дәстүрді сақтайтын адамдармыз.

Бүгінде осындай отбасы құндылықтарын жастардың барлығы бірдей түсіне бермейді. Пандемия келгелі қит етсе болды, құжатын ұстап АХАТ бөліміне жүгінетіндер көбейген. Қазақстан ажырасу жағдайларының саны бойынша әлемде 10-шы орында тұр. Алғашқы жарты жылдың ішінде 65 мың жұп некесін бұзуға өтінім жазған екен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 44 пайызға көп. Өңірдегі жағдай да мәз емес.

Салтанат Қапарова, облыстық әділет департаментінің бас маманы:

10 айдың ішінде 2934 неке қиылды және 609 жұп ажырасуға өтінім жазды. Неке бұзған ерлі-зайыптылардың орташа жасы 40-42 жасты құрайды, ал отбасы құрғандардың жасы – 25-35 жас.

Яғни, Солтүстік Қазақстан облысында әр 4-ші неке бұзылады.
Алаңдатарлық жағдай, әрине. Бұлай жалғаса берсе, қоғамдағы отбасы институты әлсіреп қалуы мүмкін. Мұны мамандар да растап отыр.

Салтанат Қапарова, облыстық әділет департаментінің бас маманы:

Некені бұзу туралы мәлімдемелерде көрсетілген негізгі себептер: мінездерімен келіспеу, опасыз ерлі-зайыптылар, алкоголь пайдалану.

Мамандар ерлі-зайыптылардың некесін бұзбас бұрын ойлану үшін 1 айға мерзім береді. Бұл уақыт аралығында 10 жұптың тек 2-еуі немесе 3-еуі ғана ойланып, қатесін түсінеді. Өкінішке қарай, қалғаны өз шешімін өзгертпейді екен.

Маржан Касымбек