Спорт

Петропавлда қазақ күресінен облыстық жарыс өтуде

Түске дейін жеңіл салмақтағы палуандар күш сынасты. Жеңгендері ертең өтетін ақтық кезеңге жолдама алды. Ал қазір орта салмақтағы спортшылар жүлде жолында жан алысып, жан берісуде.

Бозкілемде – Мағжан Жұмабаев ауданынан келген Темірлан Ғабдулин мен қызылжарлық Глеб Сычёв. Қос палуан 50 келі салмақ дәрежесінде мықтыны анықтауда. Бастапқыда өрендер бір-біріне лайықты қарсылық танытты. Алайда, кездесудің ортасына қарай Темірлан жергілікті спортшының өрескел қателегін ұтыпты пайдаланып, қарсы әдіс арқылы жеңіске жетті.

Темірлан Ғабдулин, жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

– Бұл белдесуде оңай жеңіске жеттім. Қарсыласым маған қарай жүгіре берді. Сол сәтте оны қарсы алып, таза жеңіске қол жеткіздім. Жарыста жеңімпаз атанып, ата-анамды қуантқым келеді.

Кезек ауыр салмақтағы палуандарға келді. Ірі денелі жасөспірімдер кілемге шыға сала жарыстың көркін қыздырды.

Петропавл төрінде жасөспірімдер арасында қазақ күресінен өтіп жатқан облыс чемпионатына 160-қа тарта палуан қатысуда.

Асылхан Болатов, жарыстың бас төрешісі:

– Күрес мектебінің залында 2008-2009-2010 жылғы балалар арасында жарыс өтуде. 10 салмақ бойынша. 32 келіден бастап 65 келідегі балалар арасында кездесулер өтуде. Ертең 1-ші, 2-ші және 3-ші орын үшін белдесулер болады.

Топ жарғандар қараша айының 20-сы мен 21-і күндері Қостанайда өтетін сайыста бақ сынайды. Бұл дода ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналып отыр.

Алдияр Айтпаев