Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдік отырысы өтті

Жиын кадрлық тағайындаудан басталды. Облыстық білім басқармасын Қарағанды облысының тумасы Нәзір Жәшібеков басқаратын болады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Еңбек жолын Қарағанды қаласындағы гимназияда тарих пәнінің мұғалімі болып бастады. Қарағанды облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру және жалпы орта білім бөлімінің басшысы, Саран қаласының білім бөлімінің басшысы болып қызмет етті. Бүгінге дейін ҚР БҒМ “Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары болып қызмет атқарды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа басшыға сәттілік тілеп, күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. 2022 жылдың 1-ші шілдесінде еліміздегі пәтер иелері кооперативтері өз жұмысын тоқтатады. Оның орнын тұрғын үйді басқарудың жаңа формалары баспақ. Атап айтсақ, мүлік иелерінің бірлестігі немесе қарапайым серіктестік құрылады.

Бақыт Ілиясов, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Мүлік иелерінің бірлестігі мен қарапайым серіктестіктердің төрағалары тек бір жылға сайланады. Сондай-ақ, баспана тұрғындарынан үй кеңесі мен ревизиялық комиссия құрылады. Олардың жұмыс істеу мерзімі 3 жылды құрайды. Ұйымдармен міндетті түрде 2 есепшот ашылады. Біріншісіне аударылатын қаржы баспананы күтіп ұстауға жұмсалады. Ал, екіншісіндегі қаражат күрделі жөндеу жұмыстарына бағытталады.

Яғни, ұйымдар «бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша жұмыс істемек. Пәтер иелері кооперативтерінен де басты айырмашылығы осы. Қазір бір ПИК-ке бірнеше үй қарауы мүмкін. Жөндеу жұмыстарына қажет қаражатты бөлген кезде проблемалар туындайтыны да сондықтан. Әрі шаруаның қаншалықты ашық жүргізіліп жатқанын да бақылау мүмкін емес.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қаладағы кейбір пәтер иелері кооперативі төрағаларының жұмысы көңіл көншітпейді. Тұрғындар тарапынан біраз арыз-шағым естіп едік, сотқа дейін жеткендері де болды. Төрағалардың іске жауапсыз қарағандықтары соншалық, бір кооперативке 25 баспананы біріктірген. Мұндай жерде тәртіп қайдан болсын?!

Тұрғын үйді басқарудың жаңа формасына ауысу бүгінде басталып кетті. Мұндай өзгеріс облыс бойынша көпқабатты 1550-ге жуық баспананы қамтиды. Оның 61 пайызы, дәлірек айтқанда 940-ы пәтер иелері кооперативінен бас тартып үлгерген. 868 нысанда – қарапайым серіктестік, ал қалғандарында мүлік иелерінің бірлестігі құрылған. Шаруа Петропавл мен аудан орталықтарында да белсенді жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл ретте өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов тұрғындардан барынша жауапкершілік танытуды сұрады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұрғындар бірлестік мен серіктестік төрағаларын өздері сайлайды. Азаматтарды дәл осы үйде тұратын адамдардың арасынан таңдаған жөн. Себебі, ол баспананың жай-күйін, проблемаларын жақсы біледі. Әрі кез келген уақытта көмекке жүгініп, шаруаның барысын сұрауға мүмкіндік болады.

Жиында мүлік иелерінің бірлестігі мен қарапайым серіктестіктердің тағы бір артықшылығы аталып өтілді. Бүгінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласында жаңа жоба қолға алынды. Ол елді мекенді бірыңғай келбетке келтіруге бағытталған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұрғындар бағдарлама аясында баспананың қасбетін, балкондары мен шатырын ауыстыра алады. Шаруаға қомақты қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бұрын-соңды мұндай механизм болған емес.

“Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы бойынша да біраз қолдау көрсетілмек. Жоба аясындағы көпқабатты тұрғын үйді басынан аяғына дейін жөндеуге мүмкіндік бар. Бұл қыруар қаражатты талап ететіндіктен, мемлекет ақшаны тұрғындарға қайтарымды несие ретінде береді екен. Мәселен, биыл өңірде 18 баспана толығымен қалыпқа келтірілген. Келесі жылы сәйкесінше шаруа тағы көпқабатты 12 үйде жүргізіледі.

Эльмира Садвокасова