Көлік және жолдар

Ресейлік нөмір тағынған көліктер себепсіз тоқтатылмайды

Ресейлік көліктерге қатысты мәселе бір апта бойы өзекті болып тұр. Көрші елдің темір тұлпарын тізгіндеген жандар айыппұл арқалап, машинамыздан айырыламыз ба деп дабыл қағуда. Бірақ, бейінді министрлікте қозғалған мәселе құжаты жоқ, яғни еш жерде тіркеуде тұрмаған көліктерге қатысты, ал тиісті куәліктері бар жандарға алаңдауға еш негіз жоқ.

Алтынбек Жамалиев,СҚО ПД процессингтік орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы:

– Бүгінгі таңда ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің сұранысымен Ресей Федерациясының құзырлы органдарында тіркеуде тұрған көліктер жайлы ақпарат алынды. Соның қорытындысы бойынша елімізде жүрген 88 мыңнан астам ресейлік темір тұлпар арнайы тіркеуде тұрмағаны анықталды. Елімізде жүрген кез келген көлік құралы жол жүру ережесіне сай мемлекеттік тіркеуде тұруы қажет. Олай болмаған жағдайда тиісті кодекстің 490-шы бабына сәйкес әкімшілік жазаға тартылады. 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды.

Айыппұлдан бөлек темір тұлпар айып тұрағына апарып қойылады. Жалпы, бүгінде өңірде 40 мыңнан астам көлік болса, соның 4 мыңы ресейлік нөмірмен жүр. Әзірге, бұлардың арасында ресейлік есептен шығарылмағандары анықталмапты. Осы ретте көрші елдің темір тұлпарын тізгіндеген теріскейліктер мынаны ескерулері қажет.

Алтынбек Жамалиев,СҚО ПД процессингтік орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы:

– Атап өткен көлік құралдары тізгіндеу барысында машина иелері көлік құжаттарының түпнұсқасын, сақтандыру куәлігін алып жүрулері қажет. Сондай жағдайда ғана ел ішінде емін-еркін жүруге болады.

Ресейлік нөмір тағынған көліктерге қатысты көтерілген мәселе жөнінде тұлпар тізгіндеген азаматтар не дейді? Мұны өздерінен сұрап көрдік.

– Әркім қалтасына қарап мінеді. Біздегі көліктердің бағасы қымбат. Ал көршілес елдің тұлпарлары арзан. Бірақ, заңдастырып, реттестірген дұрыс.

Жүргізуші жол ережесін бұзбаса, неге мінбеске? Бірақ, сатып алар кезде тиісті құжаттарды рәсімдеп алған дұрыс.

Айта кету қажет, қазіргі таңда екі елдің ақпарат базасын интеграциялау жоспарлануда. Нәтижесінде тіркеуде тұрмаған көліктер автоматты түрде анықталатын болады.

Алдияр Айтпаев