Денсаулық сақтау

Нұр-Сұлтандық білікті дәрігер жергілікті студенттермен кездесті

Сан түрлі бағыттан тұратын денсаулық сақтау саласында “омыртқаның қисаюы” деген ұғым бар. Таң қалдыратыны, әлемдік ғалымдар қанша күш салып жатса да әлі күнге дейін сколиоз ауруының нақты туындау себебі анықталмапты. Мұны аудиторияға жиналған студенттерге медицина ғылымдарының докторы, елордадағы “Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының” травматолог-ортопед дәрігері Нұрбек Нәдіров мәлім етті. Баяндама барысында өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен жан азды-көпті статистикамен де бөлісті.

Нұрбек Нәдіров, медицина ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы:

Қазақстанда 2011 жылы 36 мың сколиоз ауруы тіркелді. Одан кейінгі статистика әлі белгісіз. Осы 36 мың науқастың 31 мыңы – 18 жасқа толмаған жасөспірімдер. Бұл көп деп ойлаймын. Біз күнде операция жасаймыз.

Иә, көбінесе сколиоз ауруына жөсөспірімдер шалдығады. Бұл дертті дер кезінде ауыздықтау қажет. Әйтпеген жағдайда ішкі органдар қысылып, адам мүгедек болып қалады. Ал тек “Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында” жасалатын операция біраз күшті, шыдамдылықты талап етеді. Орта есеппен бір ота 7-8 сағатқа жалғасады екен. Кездесу барысында студенттер белсенділік танытты. Олар алыстан ат терлетіп келген маманға сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды. Ақыл-кеңес тыңдады. Елордалық дәрігер жастарды ағылшын тілін үйренуге шақырады.

Нұрбек Нәдіров, медицина ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы:

Ағылшын тілін үйрену керек. Көп дүние ағылшын тілінде жазылған. Солармен танысып шыққан жөн. Сонымен қатар, медицинада қазақ тілін де ұмыт қалдырмау қажет. Баршамыз бірге дамытқан жөн.

Нұрбек Нәдіров Солтүстік Қазақстан облысында дәрігер тапшылығы мәселесінен хабардар. Ол көп ұзамай өзекті проблема шешіледі деген ойда. Себебі, дәрігер жергілікті университет қабырғасындағы медицина факультетінің жұмысына жоғары бағасын беріп отыр.

Нұрбек Нәдіров, медицина ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы:

Бұл үлкен көмек деп айтар едім. Проректормен кездесіп, даму жоспарларыңызбен таныстым. Жұмыс барысы көңілімнен шықты. Жоспар жүзеге асса, бұл жерге басқа өңірлерден, көрші мемлекеттерден жастар келіп, оқиды деп ойлаймын.

Ақниет Жеңісова 1 сағатқа созылған кездесуден мол мағлұмат, мотивация алғанын айтады. Қозыбаев университет келесі жылы тәмамдайтын болашақ акушер-гинеколог білікті дәрігердің ақыл-кеңесін жадыма тоқып алдым дейді.

Ақниет Жеңісова, Қозыбаев университетінің студенті:

Маман студент күнімізде талмай оқуға шақырды. Сосын практикаға мән беруге шақырды. Практика дегеніміз – ауруханаларда кезекшілік атқару, мамандардың жанында болып, тәжірибе алмасу.

Нұрбек Нәдіров жергілікті ауруханаларды да араламақ. Ол дәрігерлермен, омыртқасы қисайған жандармен кездесіп, кеңес бермекші. Егер жағдайлары тым нашар науқастар анықталса, “Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына” алдырып, ота жасамақ ниетте.

Байболат Култанов