Қоғам

Қоғам белсендісі Ақжан Кәрімнің еңбегі еленді

Бала кезінен жаңа іске құлшынып, айналасындағыларға әрдайым көмектескісі келіп тұрады. “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің жетекшісі Ақжан Кәрім жайлы әкесі осылай дейді. Нұрлан Мәженов баласының кез келген бастамасын қолдап, әрдайым жанынан табылады екен. Ұлы 2013 жылы ерекше қажеттіліктері бар жандарға арнап ұйым ашам дегенде де қолпаштап, ақыл-кеңесін беріпті.

Нұрлан Мәженов, Ақжан Кәрімнің әкесі:

– Балам университетті бітірерде: «Өзім сияқты балаларға көмектескім келеді»,- деді. «Мен қалай көмектесесің? Өзіңе де көмек керек»,- деп таң қалдым. Сол жылы ақыры «Ардос-Жүрек» бірлестігін ашты. Ұлым бір істі бастағысы келсе, бірге ақылдасамыз. Оған әрқашан: «Тек алға!» деп айтып отырамын.

Бүгінде қоғам белсендісі Ақжан Кәрім «Ten qogam» мүгедектерді әлеуметтік қолдау орталығына да жетекшілік етеді. Аталған пилоттық жоба аясында өңірімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып түрлі тренингтер өткізіліп тұрады екен.

Ақжан Кәрім, “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің жетекшісі:

«Ten qogam» мүгедектерді әлеуметтік қолдау орталығында ерекше жандардың түрлі курстардан өтіп, кәсіп бастауларына мүмкіндік бар. Мәселен, нәзікжандылар бет, шаш әрлеу бойынша тегін шеберлік сағаттарына қатыса алады. Сонымен қатар, тырнақ сәндеудің де қыр-сырын меңгереді. Оқыту курстарынан кейін кез келген ару үйде отырып, қосымша табыс табады.

Қазіргі таңда белсенді азамат кембағал адамдарға арнап мобильді қосымша жасауды қолға алған. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен консультациялардың барлығы бір жерге тоғыстырылады. Қоса кетейік, жуырда Ақжан Кәрім Нұр-Сұлтан қаласынан жүлделі оралды. Ол бас партияның “Кедергісіз келешек” жобасы аясында өткен халықаралық «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығын табыстау салтанатында алғыс хатпен марапатталған. Жерлесіміз ұйымдастырушыларға 8 жыл ішінде дайындаған әлеуметтік жобалары мен марапаттарын жолдаған екен.

Ақжан Кәрім
, “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің жетекшісі:

Сыйлықты табыстау салтанатында түрлі кедергілерге қарамастан, биік белестерді бағындырған қаншама адаммен таныстым. Олармен тілдесіп, әрі қарай өзімді дамытуға мотивация алдым десем артық болмас. Осынау маңызды шарада алғыс хат алғаныма өте қуаныштымын. Шыны керек, күтпеген жағдай болды.

Келесі жылы Ақжан Кәрім тынымсыз еңбек етіп, халықаралық «Жан шуақ» сыйлығының өзін алуды көздеп отыр.

Алтынай Казиканова