Қылмыс

Ішімдікке сылқия тойып алып, біреудің көлігін айдап әкеткен

Ішімдікке сылқия тойып алып, тапа-тал түсте біреудің көлігін айдап әкеткен. М.Жұмабаев ауданында автомобиль ұрлаған жергілікті тұрғын ұсталды. “Mercedes” маркалы темір тұлпардың иесі кілтін салонда қалдырып кетсе керек. Мұны байқап қалған пысықай есігі ашық тұрған машинаны оталдырып, Петропавлға тайып тұрған.

Алайда алысқа қашып құтыла алмады. Көп ұзамай оны қалаға дейінгі жолда тәртіп сақшылары қолға түсірген. Тергеу барысында баукеспенің 22 жастағы Булаево тұрғыны екендігі анықталды. Медициналық тексеріс нәтижесі жас жігіттің масаң күйде екенін көрсеткен. Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 6-бөлігі негізінде іс қозғалып, сот шешімімен ұры 20 тәулікке қамауға алынды.

Эльмира Садвокасова