Спорт

«Kuanish» ВК ел чемпионатына дайындалуда

Қазақстан кубогының қола жүлдесіне қызылжарлық және қарағандылық қыздар таласты. Бұл ойында қуаныштық бұрымдылар қарсыласты қалпақпен ұрып алды. Нақтырақ айтсақ, матч 3 те 0 есебімен аяқталды. Шешуші партияда жерлестеріміз орталыққазақстандықтарды, тіпті, 12 ұпайға басым түсіп қапы қалдырды.

Осылайша, жергілікті аруларға Қазақстан кубогының қола жүлдесі бұйырды. Мұндай нәтижеге солтүстікқазақстандық қыздар бұрын-соңды қол жеткізбеген болатын. Яғни, биыл тарихи оқиға орын алды. Бұл жарыста жерлестеріміздің алдын тек өскемендік «Altay» мен талдықорғандық «Jhetysu» орады.

Азамат Есімов, «Kuanish» ВК аға жаттықтырушысы:

– Бұл жарысқа еліміздің үздік 3 командасының қатарына кіреміз деген мақсатпен бардық. Жоспарымыз толығымен орындалды. Солтүстікқазақстандық «Kuanish» волейбол клубы Қазақстан кубогында тұңғыш рет жүлдегер атанды. Нәтижеге көңіліміз толады. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалмау қажет. Енді ел чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінгіміз келеді.

Былтыр қуаныштық қыздар ел чемпионатында ерлеп, жеңіс тұғырының 3-ші сатысынан көрінді. Сондықтан, алдағы жаңа маусымда алтынға немесе күміске қол жеткізу қажет. Ұжымның мақсаты – осы. Көш басынан көріну үшін бүгінде бұрымдылар тынымсыз тер төгіп жатыр. Волейболшылар мына залда күніне 2 рет жаттығады.

Допты ойынға қосу, әріптесті бірден түсініп, көкке әуелету, қарсылас тараптан қабылдау. Бүгінгі жаттығуда қыздар осы әдіс-тәсілдерді жіті меңгеріп жатыр. Командаға жақында шетелден мықты ойыншылар қосылыпты. Олардың кейбірі Қазақстан кубогында көзге түсіп те үлгерген екен.
Мәселен, Украина құрамасының өкілі Карина Денисова ұжымның үздік волейболшысы атаныпты.

Карина Денисова, «Kuanish» ВК шабуылшысы:

– Бұған дейін Италияда, Словакияда, Чехияда, Францияда ойнадым. Биыл Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Кубогтық жарыста өскемендік және талдықорғандық қыздарға есе жібердік. Өзіміздің қателіктерімізді түсіндік. Келесі ойындарда сол олқылықтарға жол бермей, аталған 2 ұжымды ұтамыз деп ойлаймын. Бізден жеңіс күтіңіздер!

Биыл жаттықтырушы да ауысты. Енді «Kuanish» волейбол клубын шетелдік маман баптамақ.

Азамат Есімов, «Kuanish» ВК аға жаттықтырушысы:

– Жаттықтырушы Сербия елінен келді. Бұған дейін ол Финляндия, Тунис сияқты елдерде жұмыс істеген. Лондон Олимпиадасына қатысқан. Бір сөзбен айтсақ, білген-түйгені мол тәжірибелі маман. Білікті жаттықтырушының көмегімен биыл биік белесті бағындырамыз деп ойлаймын.

Айта кетейік, 5 турдан тұратын ел чемпионатының алғашқы кезеңі Петропавлда өтеді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін командалар облыс орталығында қарашаның 11-і мен 18-і аралығында күш сынасады.

Байболат Култанов