Мәдениет

“Art-класс” ұжымы Алматыда өткен байқауда 6 гран-при жеңіп алды

«Арт» ұжымы осыдан 6 жыл бұрын құрылыпты. Алайда, сахнаны бағындыруды жуырда ғана бастаған. Себебі, классикалық билерді көрермендер назарына ұсыну үшін ұзақ уақыт жаттығып, дайындалу қажет. Байқауда өнерпаздар «Золушка», «Жизель», «Аққу көлі» мен «Қаршақыз. Басқа оқиға» балет-ертегісінен үзінді қойыпты.

Ксения Родионова, “Art-класс” балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының жетекшісі:

– Байқау мүмкіндіктерімізді сынап, өзгелермен салыстыруда өте қызықты болды. Сайысқа кәсіби училище тәрбиеленушілері қатысқан жоқ, біз сияқты әуесқой бишілер бақ сынады. Бірақ, қайсысын алсаң да дайындықтары, шеберліктері жоғары деңгейде.

“Art-класс” шеберханасы тәрбиеленушілерінің жасы әр түрлі: 8-ден 17-ге дейін. Барлық көрсеткен нөмірлері үшін өнерпаздар бас жүлдені жеңіп алған.

«Біз гран-при алатынымызға сенімді болдық», – дейді бишілер. Себебі, тынымсыз еңбектеніп, сайысқа ұзақ уақыт дайындалыпты. Жеңістің тәтті дәмін сезгендердің бірі – 8 жасар Рамина. Жеткіншек балетпен небәрі 3 жыл айналысып келеді.

Рамина Евоева, “Art-класс” балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының мүшесі:

– Сахна ортасына шығып, билеген кезде керемет сезімге бөленемін. Көрермендердің ықыласын сезінген ұнайды. Сондықтан, мүлдем қобалжыған жоқпын. Байқауға қатысқан ұнады.

Байқауға республикамыздың жер-жерінен ондаған тәжірибелі ұжым қатысыпты. Қазылар алқасы барлығы 80 биге өздерінің бағасын берген. Солтүстікқазақстандық жас бишілерді мамандар нағыз әртістер деп таныпты.

Жас өнерпаздар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бишілер өңір намысын халықаралық фестиваль мен байқауларда қорғап, биік шыңдарды бағындыруды жоспарлап отыр.

Эльмира Садвокасова