Көлік және жолдар

Жұмысшы кентіндегі көпірді жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Алдияр Айтпаев, тілші:

– Жұмысшы кентіндегі көпір соңғы рет 7 жыл бұрын күрделі жөндеу көрді. Өткен жылы бұл жерде жарықтар пайда болып, нысан бүліне бастады. Оны мамандар араға бір жыл салып, яғни қазір қалыпқа келтіруде. Дегенмен, атқарылып жатқан іске кент тұрғындарының көңілі толмайды.

Меселе мынада. Көпірде пайда болған жарықтарды жұмысшылар кәдімгі картон қағазбен жауып қойған. Әрине, мұны көрген тұрғындар таңданысын әлеуметтік желіде жарыса білдіріп жатты. Біреулері мұны жаңа жөндеу әдісі деп әзілге айналдырса, келесілері ақша жымқырудың амалы деді. Осы ретте жоба авторы Сергей Чурилов орын алған жағдайды түсіндіріп берді.

Сергей Чурилов, жоба авторы:

Көпір астында рельстер бар. Яғни, одан поезд өтеді. Өткел тігістерінен астына қиыршық тас пен құм түсуі мүмкін. Осының алдын алу үшін картон төселген болатын. Қазір оның бәрі алынып тасталды.

Қазан айының 28-і басталған шаруаның басым бөлігі тыңдырылды. Көпірге теп-тегіс асфальт төселген екен. Қазір «Магистраль» серіктестігінің мамандары манағы тігістерді ретке келтіріп жатыр.

Сергей Чурилов, жоба авторы:

Көпірдің жалғанған жерлерін бірінші боп дұрыстаған жағдайда төселген асфальт тегіс болмас еді. Сол себепті, әуелі жолдың беткі қабатын төсеп алдық. Сосын барып дәл тігістің үстіндегі тұсты алып тастаймыз да темірдің жалғанған жерлерін дұрыстаймыз. Содан кейін сол жерге асфальтты қайта құямыз. Ел көлемінде осындай технология қолданылады.

Әзірге, көпір көлік қозғалысы үшін жабық. Жөндеу жұмыстары шамамен бір аптадан кейін аяқталуы тиіс. Айта кету қажет, бұл жобаның жалпы құны 21 млн теңгені құрайды.

Алдияр Айтпаев