Ауыл шаруашылығы

Тимирязев ауданындағы жер дауы

2008 жылы Тимирязев ауданының 241 тұрғыны өздеріне тиесілі ауылшаруашылық алқаптарын жергілікті серіктестіктердің біріне жалға берген. Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры демекші, барлық мәселе де осы жерде. Ауылдағы ағайын егістіктерін қайтара алмай дал болып жүр.

Рұслан Мұхамеджанов, Тимирязев ауданының тұрғыны:

– Біздің отбасымызға 116 гектар жер тиесілі. Оның 93-і – егістік алқап. Аумақтың барлығын 2008 жылы жергілікті серіктестікке жалға бердік. Дивидентті уақытылы төлеп тұрды. Көлемі – 20 мың теңге. Ал, жем-шөп ауылдың тек кей тұрғындарына үлестірілді.

Қысқасы, серіктестіктің жер үлескерлеріне деген қарым-қатынасы тұрғындарды әбден қажытқан көрінеді. Әрі бұл – бір емес, бірнеше жыл қатарынан қайталанып жатқан жағдай. Сондықтан, ауылдағы ағайын алқаптарын өздеріне қайтарып алмақшы.

Рұслан Мұхамеджанов, Тимирязев ауданының тұрғыны:

– Біз отбасымызбен шаруа қожалығын аштық. Жермен өзіміз айналысқымыз келеді. Бүгінде қажетті техниканы сатып алдым. Трактор, дән сепкіштердің барлығы бар, егістікке дайын. Көктемге дейін бізге тиесілі жерді қайтарып алатын болсақ, 2022-де іске кірісеміз.

Мұхамеджановтар әулетінен басқа тағы екі отбасы өздерінің шаруа қожалықтарын ашуға ниеттеніп отыр. Қалған азаматтар жерлерін басқа серіктестікке жалға бермекші. Бүгінде сөз жүзінде келісіп те қойыпты.

Рахима Никифорова, Тимирязев ауданының тұрғыны:

– Жерімізді басқа серіктестікке тапсырғымыз келеді. Ол жем-шөппен қамтып, пайдың көлемін өсіремін деп сендірді. Әрі ауылдың адамы болғандықтан, кез келген уақытта көмек сұрап, жүгінуге болады.

Осылайша, жалға берген жерімізді алып, бөлініп шығамыз деп ниеттенгендердің саны 80-ге жуықтапты. Азаматтарға барлығы 1,5 мың гектар алқап тиесілі.

Рахима Никифорова, Тимирязев ауданының тұрғыны:

– Біз бәріміз серіктестік басшылығына арыз жаздық. Бірнеше жиналыс өткізілді. Жиындардың бірінде агроқұрылым жетекшісі “бұл менің жерім, сендерге алқаптарды қайтармаймын” деп жауап қатты.

Қос тарап арасындағы кикілжің 2018-де басталыпты. Алдымен ауылдағы ағайын жағдайды дау-дамайсыз шешуге тырысқан. Алайда, агроқұрылым бітімгерлікке келмеген көрінеді. Тұрғындар процесті тездету үшін заңгерге жүгініп, мәселені қазбалай түскенде серіктестіктің бір былығы шыққан.

Олеся Тахметова, заңгер:

– 2018 жылы серіктестік жер телімдерін екінші деңгейлі банкке кепілге қойып, несие алған. Бұдан үлескерлер хабарсыз. 241 алқап иесінің қолдарын агроқұрылым басшылығы өздері қойған көрінеді. Тіпті, өмірден өткен адамдар атынан да кредит рәсімдеуге келісім берген. Қазір жалған қол қою фактісіне қатысты сараптама тағайындайтын боламыз.

Бұл пайларға қатысты өңірде тіркелген алғашқы жағдай емес дейді заңгер. Жерлерін агроқұрылымға өткізіп, кейін ала алмай жүретіндер жиі кездесетін көрінеді. Үлескерлердің құқықтары шектеліп не тапталса бірден заң өкілдеріне жүгінген жөн.

Эльмира Садвокасова