Спорт

Теріскейлік жас теннисші халықаралық жарыста үздіктер қатарынан көрінді

Мәдина Омарова 14 жаста. Тенниске ден қойғанына – 8 жыл. Үлкен спортқа әкесі жетектеп әкелген екен. Мәдина әуелде Нұр-Сұлтан қаласында жаттыққан, кейін Петропавлда Теннис орталығы ашылған соң осында ауысыпты. Қазір “өмірімді спортсыз елестете алмаймын” дейді. Бүгінде ол түрлі облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Жуырда ғана Өзбекстанда үлкен теннистен өткен халықаралық жарыстан жүлдемен оралды.

Мәдина Омарова
, теннисші:

Өзбекстанда өткен жарыс 7 күнге созылды. Қарсыластарымның барлығы мықты болды. Алғашқы күндері Тәжікстан, Ресей елдерінің теннисшілерімен сынға түстім. Жұптық ойында мен бірінші орынға ие болдым. Кейін 3-4-ші орындар үшін өткен жекелей сында өзбекстандық София Хигай есімді спортшымен бақ сынастым.

Жерлесіміз жекелей сында да басымдық танытып үздік үштікке енді. Жалпы, Азия теннис федерациясы ұйымдастырған турнирге елімізден бөлек, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей мен Пәкістаннан 60-тан астам теннисші қатысқан.

Ахмаджон Вахапов, бапкер:

Үлкен теннис – жекелей және жұптасып ойналатын спорт түрі. Яғни, теннисшілер екі мәрте сынға түседі. Ташкентте өткен турнирде Мәдина екі кезеңде де жақсы нәтиже көрсетті. Бұған, әрине, төзімділік пен табандылықтың арқасында жетіп отыр. Біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Әлемдік жарыстарда да өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге жетуді көздеп жүрміз.

Енді Мәдина Омарова бапкермен бірге алдағы уақытта Ақтөбе қаласында өтетін жарыстарға қызу дайындық үстінде.

Дана Ешкенова