Аптадағы маңызды жаңалықтар

Балалар қауіпсіздігіне баса назар аудару қажет

Жыл басынан бері өңірімізде балалардың қатысуымен 30-дан астам жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 3 жеткіншек қаза тапқан. Ал 15 оқушыны жүргінші жолағынан өту кезінде темір тұлпар қағып, түрлі дәрежеде жарақат алған. Бұл жайлы ведомствоаралық комиссия отырысында әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов мәлім етті. Статистикаға сүйенсек, көбінесе жазатайым жағдайлар білім беру ұйымдарының айналасында жолақтардың, белгілердің және жарық шамдарының болмауынан орын алады.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары арнайы іс-шаралар ұйымдастыруда. Бірқатар нәтиже де мәлім. Жол бойында немесе көшелерге жақын орналасқан 321 мектептің бірде-біреуі тиісті талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталған. Олқылықтарды жою үшін 536 ұйғарым беріліпті. Осы күнге дейін оның тек 125-і орындалған. Қалған талаптардың орындалмауына қаражаттың жоқтығы себеп болып отыр. Мәселе, әсіресе, Аққайың мен Шал ақын аудандарында өткір тұр. Бүгінде алғашқы аталған аудандағы 21 мектептің тек төртеуінің ғана айналасында жол белгілері бар екен. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жауапты тұлғаларға кемшін кеткен тұстарды түзеуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
:

Тапсырмаға сәйкес қандай да бір амал қолданбайтын әкімдерге өз орнын босату жөнінде шара қабылдануы мүмкін. Жол белгілерін орнату бойынша жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Бұлай қалдыруға болмайды. Істі қысқа мерзімде тындыру керек.

Байболат Култанов