Спорт

“Qulager” құрамасы өскемендік “Алтай Торпедо”-ны тізе бүктірді

Шайба мұзға тасталып, екі команда арасындағы тартысты ойын басталып кетті. Алғашқы периодтың басында өскемендіктер қайта-қайта шабуыл жасап, жерлестерімізді әбігерге салды. Матчтың 8-ші минутында “Алтай Торпедо”-ның ойыншысы Ян Хоменко есеп ашты. Бұдан кейін құлагерліктер намысқа тырысып, таразы басын теңестіруге тырысты. Алайда, таблодағы сандар өзгермеді. Осылайша, алғашқы 20 минуттықта қонақтардың асығы алшысынан түсті.

Иван Казаченко, «Qulager» ХК шабуылшысы:

– Алда әлі 2 период бар. Жеңіске жетеміз деп сенемін. Себебі, бұл ойынға жақсы дайындалдық. Жалпы, қос команданың деңгейлері тең деп ойлаймын. Екі ұжымда да тәжірибелі хоккейшілермен қатар, топқа жуырда ғана қосылған жас хоккейшілер де бар.

Көп кешікпей ойын жалғасын тапты. Екінші периодтың алғашқы минутында-ақ жергілікті хоккейшілер ширақ қимылдап, қарсылас құраманың қақпашысын қапы қалдырды. Есеп – 1:1. Шайба авторы – 12-ші нөмірлі Александр Ильин. Араға тура 1 минут 20 секунд салып петропавлдықтар есепті еселеді. Бұл жолы шабуылшысы Константин Пальмтаг көзге түсті.

Есепті теңестіру мақсатында өскемендіктер қарқынды шабуылға көшті. Қайта-қайта қақпаны нысанаға алып, құлагерліктердің қорғанысы мен қырағылығын тексерді. Олар «Qulager»-дің қақпашысын бір емес, екі мәрте сан соқтырды. Осылайша, есепте алға шықты.

Дегенмен, бұл периодта айдын иелерінің асығы алшысынан түсті. Жерлестеріміз екінші кезеңнің аяқталуына 2 минут қалғанда – үшінші, ал небәрі 2 секунд қалғанда төртінші шайбаны салды. Таблодағы есеп – 4:3, құлагерліктер алда тұр.

Максим Первухин, «Qulager» ХК шабуылшысы:

2-ші периодтың тартысты өткені соншалық, хоккейшілер сан мәрте ереже бұзып, айдыннан қуылды. Әсіресе, біздің жігіттер бірнеше рет жазаланды. Салдарынан 2 шайба жіберіп алдық. Келесі периодта осыны ескеретін боламыз.

3-ші периодта құлагерліктер қорғанысқа баса назар аударды. Нәтижесінде қарсыластар қанша шабуыл жасағанымен қақпаның кілтін таба алмады. Дабыл қағылды, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. “Құлагер” ұжымы маңызды кездесуде жеңіске жетті.

Александр Белявский, «Qulager» ХК бас бапкері:

Бүгінгі ойын тартысқа толы болды. Құлагерліктер бірнеше қателікке жол бергенімен дер кезінде ес жиып, қарсыластан жеңісті жұлып алды. Алдағы уақытта кемшіліктерді жою бойынша жұмыс істейміз. “Алтай Торпедо” командасының дайындығын жоғары бағалаймын. Соғылған 7 шайба – мықты әзірліктің, тартыстың ойынның дәлелі.

Келесі күні 2 құрама арасында қарымта кездесу өтті. Бұл жолы айдын иелері қарсыластарын 5 те 1 есебімен тізе бүктірді. Қазіргі таңда құлагерліктер 27 ұпаймен турнирлік кестеде 3-ші орында тұр. Жерлестеріміздің келесі қарсыласы – павлодарлық «Ертіс». Қос ұжым арасындағы ойындар Петропавлда қараша айының 13-і және 14-і күні өтеді.

Дана Ешкенова