Құқық қорғау органдары

Петропавлда балалардың түнде жүруі тыйылмай тұр

Петропавлда балалардың түнде жүруі тыйылмай тұр. Оқушылардың күзгі демалысқа шыққанын пайдаланып тәртіп сақшылары апта бойы рейд өткізген. Шара барысында ювеналдық полиция қызметкерлері 230-ға жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркеген. 130-дан астам жағдайда кәмелет жасына толмаған балалар өз бетімен түнде көше кезіп жүрген.

40-тан аса факті ата-аналар тарапынан өз міндеттерін дұрыс орындамауына қатысты. Сондай-ақ, 30-ға жуық жасөспірім мен осынша отбасы есепке қойылған. Мына баланың жасы 12-де. Сағат түнгі 11 жарым. Қайда бара жатыр, кіммен кетіп бара жатыр – белгісіз. Жатар уақытта жалғыз өзі неғып жүр? Айтуынша, өзіндей балалармен бірге тамақ жеуге бармақшы. Жасөспірім ата-аналарының қолына тапсырылды. Әке-шешесіне ескерту жасалды.

Қуандық Қанжігітов, қалалық ПБ екінші полиция бөлімі ювеналдық полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы:

– Кәмелетке толмағандардың ата-аналарына жеткізіп, түсіндіру шаралары жүргізілді. Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілшікке тартылды. Бұл баптың санкциясы – ескерту, ал бір жылдың ішінде қайталап жасаса айыппұл қарастырылған.

Эльмира Садвокасова