Көлік және жолдар

М.Жұмабаев көшесі реконструкциядан кейін уақытша ашылды

Петропавлдың орталығы адам танымастай өзгеруде. Ескі үйлер сүріліп, жаңа баспаналар мен әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып жатыр, жолдар кеңейтілуде. Пионер мен Чкалов көшелерін байланыстыратын мына аралықта жаздан бері реконструкция жұмыстары жүргізілді. Мағжан Жұмабаев көшесі 5 ай бойы жабық болды. Көше бүгін ғана түскі 1-лер шамасында ашылды. Демек, көліктерге әрлі-берлі қатынауға болады.

Болат Шоқанов, “Құрылыс-сервис СК” ЖШС жоба жетекшісі:

Жұмысты маусым айында бастадық. Бүгінге дейін тас жолдың бірінші қабатын төседік. Су, жылу құбырлары мен электр сымдарын көшенің сыртына шығардық. Яғни, желілерді жөндеу қажет болса, монополистер асфальті бұзып, жерді қазбайды. Бұл іске 400 млн теңге ақша жұмсалды.

Айта кететін тағы бір өзгеріс, бұған дейін Мағжан Жұмабаев көшесінің бұл бөлігі екі жолақты еді. Ал реконструкциядан кейін біршама кеңейді. Пионер мен Чкалов көшелерін байланыстыратын аралықта қазір 4 негізгі және 2 қосалқы жолақ бар. Іс мұнымен тоқтамайды. Қалыпқа келтіру жұмыстары келесі жылы қайта жалғасады.

Болат Шоқанов, “Құрылыс-сервис СК” ЖШС жоба жетекшісі:

Алдағы 1 айда көше бойына жарық шамдарын орнатамыз. Ал келер жылы аялдамалар қойылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жиектас төселеді, геотор мен асфальттің жоғарғы қабаты салынады.

Мамандар бұл іске келер жылдың сәуір-мамыр айларында кіріспек. Демек, ол кезде көлік қозғалысы тағы тоқтатылады. Айта кету қажет, бұл ауқымды жобаны іске асыруға 1 млрд 66 млн теңге бөлінген.

Алдияр Айтпаев