Мәдениет

“Қарлығаш” би ансамблі республикалық байқаудан 2 бас жүлде жеңіп алды

Темір жол вокзалына жиналған жұрттың қарасы қалың. Құшақ-құшақ гүл шоқтары мен түрлі түсті шар ұстаған жандар жергілікті “Қарлығаш” би ансамблін асыға күтуде.

Әне-міне дегенше «Қарлығаш» ансамблінің бишілері мінген поезд келді. Ұл-қыздардың қуаныштарында шек жоқ. Әйтпегенде ше, өнерпаздар республикалық байқаудан бір емес, 3 бірдей жүлде еншілеп оралды. Анастасия Зырянова үшін бұл алғашқы жеңіс емес. Бойжеткен бимен 5 жасынан бері айналысады. Қазір ол “Қарлығаштың” үлкен тобында өнер көрсетуде. Фестивальде бұрымдылар қазақ және орыс билерін ұсыныпты.

Анастасия Зырянова, «Қарлығаш» ансамблінің мүшесі:

– “Ақ көгершін” фестиваліне ұзақ уақыт бойы дайындалдық. Қарсыластарымыз өте мықты, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сондықтан, сахнаға шығар алдында біраз қобалжыдық. Десе де жетекшіміз бен ата-аналарымыздың қолдауының арқасында жақсы биледік. Осылайша гран-при иелендік.

18-ші республикалық «Ақ көгершін» фестиваль-байқауында “Қарлығаш” ансамблінің жас ерекшелігі бойынша 3 тобы өнер көрсетті. Әрбіреуі қазылар алқасының назарына екі биден ұсынған. Кішкентайлары да көрерменнің көзайымына айналып, бас жүлдені жеңіп алған. Ал, ортаңғы топ эстрадалық және орыс биін ұсынып, жүлделі 1-ші орынды иеленіпті.

Галина Жумалеева, «Қарлығаш» ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Қазылар алқасының қатарында Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың шәкірті де болды. Ол біздің өнерімізді өте жоғары бағалады. Қыздардың дайындығы, сахнада өздерін ұстауы мен әртістілігі көңілінен шықты. Сондай-ақ, балалардың костюмдеріне қатысты біраз мадақ естідік. Фестивальден қыздарымыз мол тәжірибемен оралды.

18-ші республикалық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен ондаған ұжым қатысты. Өнерпаздар вокал, хореография, көркемсөз бен сән аталымдары бойынша өзара бақ сынаған.

Эльмира Садвокасова