Бизнес және экономика

Президент IV Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесінің ашылу рәсімінде бейнеүндеу жасады

Мемлекет басшысы IV Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесінің ашылу рәсімінде бейнеүндеу жасады. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев қарқынды дамып келе жатқан аспан асты елі әрдайым Азиядағы ең басты және сенімді серіктесіміз болып қала беретінін мәлім етті.

2 айдан соң шығыстағы көршілерімізбен дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толмақ. Ұзақжылдық екіжақты ынтымақтастық кең-байтақ Еуразия құрлығында бірлесе дамуға және өркендеуге жол ашты. Қиындығымен есте қалған 2020-ның өзінде қос тарап арасындағы тауар айналымы 5 пайызға өсіп, 15 млрд доллардан асқан. Пандемияға байланысты қазір шекарада уақытша шектеу шаралары енгізілген. Бұл жағдай тезірек біржақты етіліп, алыс-беріс қайтадан жандана әрі арта түседі деп сенеміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгін есігін айқара ашқан Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесі, шын мәнінде, дүниежүзінің әр түкпіріндегі экспортшыларды ұйыстыратын орталыққа айналды. Осы маңызды шараға 120-дан астам мемлекеттен тауар өндірушілер жиналып отыр. Бұл Шанхай көрмесі Қытайдағы алып нарыққа кіретін «алтын қақпа» екенін айқын көрсетті. Осы көрмеге Қазақстаннан 30 ірі өнім өндіруші қатысуда. Олар жалпы құны 100 млн доллардан асатын азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға келісім шарт жасайды деп жоспарланып отыр.

Эльмира Садвокасова