Спорт

Петропавлда грек-рим күресінен облыстық ашық турнир бастау алды

Байболат Бектемірұлы, тілші:

Жаңаберген Қармандаевты біреу білсе, біреу білмес. Ол Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы бұрынғы Ленин, қазіргі Бике ауылында дүниеге келген. Азамат саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнады. Төккен тер өз жемісін берді де. Талай палуаны әлемдік додаларда оза шапты.

Жерлесіміздің еңбегін грек-рим күресінен әлем чемпионы, Кеңес Одағының 7 дүркін жеңімпазы Дәулет Тұрлыхановтың өзі жоғары бағалайды. Қазақтың батыр ұлы бір кездері Жаңаберген Қармандаев бірге жұмыс істепті. Бүгінгі еске алу турниріне арнайы келіп отыр. Даңқты палуан досын, әріптесін күрсіне еске алды, жақындарына жылы лебізін білдірді.

Дәулет Тұрлыханов, КСРО және ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері:

– Әр қазақтың азаматы Жаңаберген сияқты болсын. Туған-туыстары, балалары тұр. Жаңабергеннің көрмеген қызығын сіздер көріңіздер.

Көпшілік алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов те сөз сөйледі. Ол жиналғандарды турнирдің ашылуымен өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл кеште Жаңаберген Қармандаевтың туған ағасы Абай Қармандаев та бой көрсетті. Осы кісі қазақтың біртуар ұлын бір кездері күрес мектебіне апарыпты.

Абай Қармандаев, Жаңаберген Қармандаевтың ағасы
Күрес мектебіне өзім апардым. Күресті, білім алды. Жастарды тәрбиеледі.

Бозкілемдегі бәсекеге де кезек келді. Мына жерде 41 келідегі балалар арасында 3-ші орын үшін талас өтіп жатыр. Ортада – солтүстікқазақстандық Данил Смағұлов пен ақтөбелік Мақсат Мырзамадинов. Бастапқыда қарсыластар бір-біріне сыр алдырмады. Уақыт өте қонақ спорт жеңіске жетудің жолын тапты.

Ол шапшаң қимылдап, жергілікті палуанды шыр көбелек айналдырды. Осылайша, 8 де 0 есебімен айқын ұтты.

Мақсат Мырзамадинов, турнирге қатысушы, Ақтөбе облысы:

– Бұған дейін 4 кездесу өткіздім. Біреуінде ұтылып, жаңа 3-ші орын үшін таластым. Болашақта әлем чемпионы болғым келеді.

Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ҚР жалғыз Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жаңаберген Қармандаевты еске алуға арналған облыстық ашық турнир ертең мәресіне жетеді. Жарыс ұйымдастырушыларының айтуынша, түске дейін жоғары салмақтағы палуандар арасында жеңімпаздар анықталып, марапатталады. Айта кеткен жөн, бұл сайыс еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150 спортшының басын біріктірді.

Байболат Култанов