Денсаулық сақтау

Өңірге жуырда АҚШ-тың “Комирнати” вакцинасы жеткізіледі

Ел бойынша эпидахуал тұрақсыз. Соңғы тәулікте коронавирусқа 1400-ден астам адам шалдыққан. Көш басында – Алматы қаласы. Онда бір күнде 200-ге жуық жағдай тіркелген. Солтүстік Қазақстан облысының ауруды жұқтыру бойынша екінші орынға шығып кеткені жаға ұстатады. Өңірде 24 сағаттың ішінде 163 солтүстікқазақстандық сырқаттанып қалған.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Сырқаттану жайттары бойынша өсім облысымыздың барлық аудандарында байқалады. Мәселен, соңғы екі аптада сovid-19 2 мыңнан астам теріскейліктен табылған. Бұл оның алдындағы қос аптамен салыстырғанда 6,4 пайызға көп. Естеріңізге сала кетейік, СҚО – 1 айдан бері “қызыл” аймақта.

Бейінді департамент басшысының орынбасары брифинг барысында өңірдегі иммундау шарасын да сөз етті. Бүгінге дейін 253 мыңнан астам жерлесіміз коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-ші компонентін салдырған. Ал екінші компонентін қойдырғандардың қатары 235 мыңнан асады. Бұл екпе алуға рұқсат берілген халықтың 63 пайызын құрайды. Жоспар бойынша Жаңа жылға дейін 370 мың теріскейлік вакцина салдыртуы тиіс. Осы ретте айта кетейік, жақын арада жасөсіпірімдер мен жүкті әйелдерге де екпе егу жұмыстары бастау алады.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Жуық арада өңірге АҚШ-тың “Pfizer” компаниясы шығарған “Комирнати” вакцинасы жеткізіледі. Ол 12 жастан асқан балаларға, жүкті әйелдерге және бала емізіп жүрген аналарға да салынады. Әрине, екпе барлығына өз еріктерімен қойылады. Балаларға ата-ананың келісімімен ғана салынады. Перепарат өңірге жеткізілгеннен кейін, бірінші 16 мен 18 жас аралығындағы ұл-қыздарға егіледі. Одан кейін – төмен жастағы балаларға.

Дана Сәлімқызы, тілші:

– Енді облыс стационарларындағы жағдайға келсек, өңірде сovid-19-ға шалдыққан науқастарға арналып 1800-ге жуық төсек-орын әзірленген. Оның 120-ы – жансақтау бөлімшесінде. Қазіргі таңда стационарларда 700-ге жуық адам ем қабылдап жатыр. Өкінішке қарай, соңғы тәулікте коронавирустан 2 адам бақилық болды.

Дана Ешкенова