Денсаулық сақтау

Өңірде коронавирусқа қарсы вакциналау науқаны жалғасуда

Тыл еңбеккері Владимир Тимошин 87 жаста. Қария ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, тың игеру мен қайта құру кезеңдерін өз көзімен көрген. Өмірлік сынақтарының біріне 2020-да басталған пандемия да айналыпты. Локдаун мен шектеу шаралары егде жастағы адамды әбден қажытқан көрінеді. Сондықтан, коронавирусқа қарсы вакцина пайда болғанда бірден екпе алуға ниет білдіріпті. Бірақ, онкологиялық диспансерде есепте тұрғандықтан, дәрігерлер рұқсат етпеген.

Владимир Тимошин, тыл еңбеккері:

– Әрі сол уақытта денсаулығым сыр берген болатын. Араға жарты жылдай уақыт салып, өз дәрігеріме қаралдым. Менің жағдайымды жіті тексергеннен кейін рұқсаттарын берді. №1 қалалық емханаға барып, ресейлік “Спутник” вакцинасын алдым. Екпе қойғаннан кейін денемде аздап әлсіздік байқалды. Температура көтерілген жоқ.

Ал, қарашаның 10-шы жұлдызында Владимир Тимошин вакцинаның екінші дозасын алмақ. Мұндай қадамға баруға өзге үзеңгілестерін де шақырады. Себебі, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы ғана қалыпты өмірге орала аламыз дейді тыл еңбеккері.

Владимир Тимошин, тыл еңбеккері:

– Интернетте коронавирус пен вакцинаға қатысты өте көп қауесет тарап жатыр. Менің таныстарымның арасында оған сенетіндері де бар. Айтарым – құлақ аспаңыздар. Екпе барлық сынақтан өтті. Баршамызды аты жаман індет пен оның салдарынан қорғайтын жалғыз дүние – осы препарат.

Қария салауатты өмір салтын ұстануды да ұмытпаған жөн дейді. Владимир Тимошиннің жасы 90-ға жақындап қалса да әлі тың. Күн сайын таңертең қалалық паркке таза ауамен тыныстауға барады екен. Жарты сағаттай жүргеннен кейін физикалық жаттығулар жасауға кіріседі. Иммунитетін қалыпта ұстау үшін витаминдер ішіп, әрдайым көкөніс пен жеміс-жидек жейді.

Эльмира Садвокасова